Ақтөбе: Бірнеше кәсіпорынға «Халал» сертификаты табысталды 669

Ақтөбе: Бірнеше кәсіпорынға «Халал» сертификаты табысталды

21 маусым 2021 229 Оқу 1 минут

Өткен қасиетті жұма күні Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы жұма намазға келген жамағат алдында Ақтөбе қаласында орналасқан «Альжанов» жеке кәсіпорнының «Халал Нұр» атты мұздатылған жартылай дайын өнімдеріне «Халал» сертификатын табыстады.

Одан бөлек, Ақтөбе қаласына арнайы іс-сапармен келген «Халал Дамудың» бас сарапшы технологы Айжан Омарова мен «Халал Даму» мекемесінің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Жарасхан Абдисаламов жергілікті «AKX Retail» ЖШС-нің «Street food by akx» атты жылдам тамақтану орнына, «Кіші жүз» ет орталығына және «Рамазан» ЖШС-нің жұмыртқа өнімдеріне «QMDB HALAL» сертификатын табыстады

Халал сертификатын алған аталмыш кәсіпорындар «Мал бауыздау және ет өңдеу», «Халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар стандартына» сай деп танылды.

Одан бөлек, «Kish-mish» кафесі «Халал» сертификатын алуға өтініш білдіріп, Нур-Сұлтан қаласынан келген арнайы маман тарапынан кәсіпорын тексерістен өтті.

Сондай-ақ, «Халал Дамудың» бас сарапшы технологы Айжан Омарова мен инспектор-контролер Жарасхан Абдисаламов кәсіпорындардың өндіріс аумағында ревизорлық бақылау шараларын жүргізіп, қызметкерлерге дініміздегі халалдың маңызы, халал өнімдер технологиясы төңірегінде оқу-семинар шараларын жүргізді.

«Адал тамақтан бойға жақсылық дарыса, керісінше, харам тамақтан қаттылық, ауыртпашылық, ғапылдық жұғады. Дұғаның қабыл болуында да адал тамақтың маңызы зор. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл туралы: «Уа, адамдар! Шүбәсіз Алла барлық нәрседен пәк. Сол себепті адал және тазадан басқаны қабылдамайды. Алла Тағала пайғамбарларға бұйырғандарын мүминдерге де бұйырған» деп ескерткен. Сол себепті, мұсылмандар мен халал азықты тұтынушыларға адал ас ұсыну, шариғатқа бойұсыну мақсатында өңірімізде халал стандартқа сай кәсіпорындар мен азық-түліктер санын арттыруға барынша тырысудамыз. Сан емес, сапаға да мән беріп ай сайын тұрақты түрде бақылау-қадағалау шараларын жүрігізіп тұрамыз» - дейді жергілікті инспектор-контролер Жарасхан Абдисаламов.

 

 Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі