Шалқарда аудандық бата жарысы ұйымдастырылды 4217

Шалқарда аудандық бата жарысы ұйымдастырылды

22 ақпан 2025 21 Оқу 1 минут

Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұйымдастыруымен «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында «Ата сөзі – бата сөз» атты аудандық ақсақалдар арасында бата беру сайысы өтті.

«Дін мен дәстүр» бағытында ұйымдастырылған сайысқа 55 жастан жоғары Шалқар қаласынан және ауылдардан 12 ақсақал қатысып, бақ сынады.

«Бата – дегеніміз халқымыздың байырғы тұрмыс-салтымен берік ұштасқан, күнделікті өмір дағдысындағы адами қарым-қатынастың рухани қажеттілігін өтеуге бағытталған, ағайын-туыс, жегжат-жұрағаттың бір-біріне ыстық ықылас-пейілін білдіретін, сонымен қатар жасы үлкен адамдар немесе ел ағалары өздерінің тілек-дұғасын айтып, жастарға дұрыс бағыт-бағдар сілтейтін сөлді сөз. Сондықтан, бүгінгі шарамыздың маңыздылығы да қариялар арасында бата беруді жас ұрпаққа насихаттау» деп атап өтті Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков.

Қатысушылар жарыс ережесіне сай, алдын-ала берілген тақырыптық бата бойынша сайысты.

Жарыс қорытындысы бойынша Әжіғалиұлы Бекділдә ақсақал жүлделі бірінші орынды, Қадірбайұлы Әшірбай ақсақал екінші орынды, Сағындықұлы Шыңғыс ата жүлделі үшінші орынға ие болды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі