Ақтөбе: Ерекше жандарға ауызашар берілді 6079

Ақтөбе: Ерекше жандарға ауызашар берілді

15 наурыз 2026 35 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің қасиетті Рамазан айына арналған жоспарына сәйкес, ҚМДБ-ға қарасты «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен ерекше жандарға арналған қайырымдылық ауызашары өтті. Игі шара Ақтөбе қаласындағы Атамекен мейрамханасы кешенінде ұйымдастырылды.

Аталған ауызашарды ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі, Ақтөбе қалалық мешіттің бас имамы имамы Алмат Әли және жергілікті кәсіпкер Медет Балжанов бірлесіп ұйымдастырды. Шараға «Алаш» қоғамдық мүгедектер қауымдастығының мүшелері мен өзге де мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ұйымдардың өкілдері шақырылып, арнайы дастархан жайылды.

Сауабы мол рухани басқосуға жалпы 120 адам қатысты. Оның 60-ы мүмкіндігі шектеулі ерекше жандар болды. Кеш барысында салт-дәстүр жаңғырып, өңірдің өнерпаздары жарапазан жырын айтып, терме-толғаулар орындап, ерекше жандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Биылғы ҚМДБ бекіткен «Ислам және адал қоғам» жылы аясында ұйымдастырылған бұл кеште дәстүрлі өнер мен рухани насихат қатар өрілді.

Шара барысында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының облыс бойынша жауапты өкілі қасиетті Рамазан айының қадір-қасиеті туралы айтып, мұсылман баласын бір-біріне қамқор болып, мейірімділік пен қайырымдылық жасауға шақырды. «Алла Тағала дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық берсін. Мұсылманның міндеті – әркез бауырына жанашыр болып, жақсылық жасау. Рамазан айында ораза ұстап қана қоймай, адамдарға көмектесу, ағайынның жағдайын ойлау – үлкен сауапты іс», – деп жиналған қауымға насихат айтты. Сондай-ақ ерекше жандарды өмір сынағына мойымауға шақырып, олардың сабыры мен жігеріне ризашылығын білдірді.

Еліміздің тәуелсіздігінің 35 жылдық мерейтойына орай «Рамазан сыйы» акциясы аясында 50 отбасыға азық-түлік үлестірілді.

Кеш соңында ерекше жандардың ата-аналары мен қалалық мүмкіндігі шектеулі жандар орталықтарының басшылары ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, осындай мейірімді шаралардың қоғамдағы бірлік пен жанашырлықты арттыратынын атап өтті. Сонымен қатар игі іске демеушілік жасап, қолдау білдірген жомарт жандарға алғыс айтылып, олардың отбасына амандық, кәсіптеріне береке тілегі жеткізілді.