Рухани қолдау және тәрбие: «№ 8 мекеме» кітапханасы жаңа діни әдебиеттермен толықты 6823

Рухани қолдау және тәрбие: «№ 8 мекеме» кітапханасы жаңа діни әдебиеттермен толықты

20 қараша 2026 27 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысы, ҚАЖК «№ 8 мекеме» кітапханасы рухани-ағартушылық бағыттағы құнды кітаптармен толықты. ҚМДБ өкілдері мен мекеме ұжымының ұйымдастыруымен жазасын өтеуші азаматтарға арналған игі шара өтіп, оларға жаңа кітаптар таныстырылды.

Қоғамдағы рухани құндылықтарды дәріптеу, теріс ағымдардың алдын алу және жазасын өтеуші азаматтардың дүниетанымын кеңейту мақсатында игі бастама жүзеге асырылды. Қазақстан Республикасы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты «№ 8 мекеме» республикалық мемлекеттік мекемесіне Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Т. Аманов пен наиб имамы Ж. Торбаев арнайы барып, маңызды кездесу өткізді.

Шара барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жақында ғана жарық көрген «Ислам және адал қоғам» кітабы мекеме кітапханасына салтанатты түрде табысталды. Бұл еңбек қоғамдағы әділдік, адалдық, адамгершілік және өзара сыйластық қағидаттарын терең түсінуге бағытталған маңызды басылым болып табылады.

Мұнымен қоса, «Muftyat» баспасынан шыққан діни, рухани және танымдық бағыттағы 100-ден астам әдебиет мекеме қорына ресми түрде қабылданды. Діни өкілдер жазасын өтеуші азаматтарға әкелінген жаңа кітаптардың мазмұнын кеңінен таныстырып, рухани тазару, өмірге жаңа көзқараспен қарау және келешекте қоғамға толыққанды азамат ретінде оралу жолында кітап оқудың орны ерекше екенін атап өтті.

«Рухани кемелдік пен имандылық – адамды түзеудің басты жолы. Әрбір кітап – сананы оятып, дұрыс жолға бағыттайтын жарық сәуле. Бүгінгі әкелінген еңбектер жазасын өтеушілердің ішкі әлемін байытып, қоғамға қайта бейімделуіне үлкен септігін тигізеді деп сенеміз», – деді мешіт өкілдері кездесу барысында.

Кездесу соңында жазасын өтеушілер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұстаздардан тұшымды жауап алды. Мекеме басшылығы мен кітапхана қызметкерлері рухани-ағартушылық бағыттағы бұл бастама үшін ҚМДБ өкілдеріне шынайы алғыстарын білдірді.