«Әйел әдебімен әдемі» атты семинар өткізілді 2752

«Әйел әдебімен әдемі» атты семинар өткізілді

05 маусым 2023 363 Оқу 1 минут

Ақтөбе қаласы, «Бақытжан» мешіті ұстазы А.Қойшығұлованың ұйымдастыруымен әйел жамағатына арналған «Әйел әдебімен әдемі» атты семинар өткізілді. Бұл семинар Ақтөбе қаласына «Нұр Мубарак» университеті ұстазы, профессор Ш.Әділбаеваның келуіне орай ұйымдастырылды. Семинар тақырыбы әйелдер қауымы үшін өзекті, маңызды болғандықтан келушілер қатары 80-ге жуық болды. Сондай-ақ бұл шараға ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының Ақтөбе облысы бойынша жетекшісі К.Қушқарова, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Ардақ М. қатысты.

Ислам дінінде әдептің, көркем мінездің алар орны ерекше. Ілгері ғұламаларымыз «Ілімнен бұрын әдеб үйрен. Әдеп пен көркем мінез жәннәтқа жетелейді» деп бекер айтпаса керек. Ілім алу жолында жүрген жамағатқа ұстаздар тарапынан Алла алдындағы әдептер, мешіттегі сақталуы тиіс әдептер, ілім алудағы әдептер, жалпы кісі ақысы туралы көптеген ойланарлық, ой саларлық насихаттар айтылды.

Сондай-ақ жамағат тарапынан ұстаздарға ақида, фиқһ мәселелері бойынша да біраз сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар берілді.

Семинар соңында мешіт жамағаты атынан ұстаздарға гүл шоқтары табысталып, ақ жаулықты әжелер дастархан дұғасын жасап, ризашылықтарын білдіріп тарқасты .


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі