#Құрбанайт2026 : Ақтөбеде 3 күнде 39 тоннаға жуық құрбандық еттері 3649 отбасыға мен 12 мекемеге таратылды
ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіреттің бастамасымен іске асып жатқан «QURBAN-2026» қайырымдылық акциясы аясында Ақтөбе облысы өкілдігі бойынша Құрбан айттың 3 күнінде онлайн және офлайн форматта 1201 қой, 31 ешкі, 54 ірі қара құрбандыққа шалынып, 39 тоннаға жуық құрбандық еттері 3649 отбасыға және 12 мекемеге таратылды.
Биылғы құрбандық шалу үрдісі де қашықтан және офлайн түрде ұйымдастырылып, qurban.muftyat.kz сайты арқылы жүзеге асты. Атап айтсақ, қашықтан онлайн құрбандық шалуға ниет білдіріп, аталған сайт арқылы мал түрін таңдап, ақшасын аударған жандардың шалған құрбандықтары, сайт арқылы өтінім берген мұқтаж отбасыларға жеткізілді.
Сонымен қатар арнайы курьерлік қызметпен жеткізілген құрбандық еттерін алған қала тұрғындары «QURBAN-2026» онлайн қайырымдылық акциясын өткізуге атсалысқан жергілікті билік мен облыс, қала, аудан мешіттеріне, жомарт жандар мен еріктілер тобына алғыс білдіріп, Алланың ризалығы мен сауабын тіледі.
Алла Тағала ізгі ниетпен шалған құрбандықтарымыз бен дұға-тілектерімізді қабыл етсін!
Үш күн бойы Ақтөбе қаласы бойынша 41 разъезд мекен-жайы бойынша орналасқан «Айбек» СТК (41 разъезд 06), «Дала ел» ЖШС мал базары (четный квартал 178, участок 14) және ЖШС «Кайрат 2024» (Жанақоныс 640) құрбандық малын сою орнында шалынды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі



































































