АҚТӨБЕДЕ «RUHANI CAMP» РУХАНИ-ТАНЫМДЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ 6420

АҚТӨБЕДЕ «RUHANI CAMP» РУХАНИ-ТАНЫМДЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ

01 маусым 2026 235 Оқу 1 минут

Қасиетті Құрбан айт мерекесін ұлықтау мақсатында Ақтөбе облысы бойынша «Жастар ісі» секторының жауапты өкілі Аслан Дәуірханұлының ұйымдастыруымен «RUHANI CAMP» рухани-танымдық шарасы өтті.

Табиғат аясында өткен игі шараға Ақтөбе қаласы мен облыстың барлық аудандарынан келген 500-ге жуық жастар жамағаты, сондай-ақ имамдар мен ұстаздар қатысты.

Бағдарлама таңғы сағат 07:00-де басталып, кешкі уақытқа дейін жалғасты. Шара барысында қатысушылар өзара танысып, рухани-танымдық дәрістер тыңдады. Алғашқы болып Ахмедов Ербол ұстаз Құрбан айт мерекесінің маңызы мен мұсылман өміріндегі орны туралы насихат айтты.

Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында асық ату, арқан тарту, қол күрес, садақ ату және гір көтеру секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен діни әдебиеттер табысталды.

Түскі астан кейін Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы, РАНТ мүшесі Жексенбай Торбаев жастарға насихат айтып, Құрбан айттың рухани тағылымдарына тоқталды. Ал «Ақтөбе» медресе-колледжінің ұстазы Данияр Кенжеұлы фиқһ іліміне қатысты дәріс өткізіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Шара соңында қорытынды марапаттау рәсімі ұйымдастырылып, жеңімпаздарды Ақтөбе қаласындағы «Біләл» мешітінің бас имамы Нұрлыбек Тәкеев марапаттады.

Одан өзге жас бүлдіршіндер де назардан тыс қалған жоқ. Арнайы балаларға арналған ойын алаңы ұйымдастырылып, батуттар құрылды. Кішкентай қонақтарға тәттілер таратылып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Аталған рухани басқосу жастардың діни танымын арттыруға, бауырластық қарым-қатынасты нығайтуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі