#Құрбанайт2025 : Ақтөбе: 3 күн айтта 3 мыңға жуық отбасыға 30 тоннаға жуық құрбандық еті таратылды (ФОТО)
Құрбан айт – қайырымдылықтың мерекесі. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен іске асып жатқан «Qurban 2025» қайырымдылық акциясы аясында Ақтөбе облысы өкілдігінде Құрбан айтың үш күнінде 56 ірі қара, 703 қой, 6 ешкі құрбандыққа шалынып, аз қамтылған, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі 2418 отбасы мен 9 мекемеге 28 тонна, 1611 кг таратылды.
Биылғы құрбандық шалу үрдісі де қашықтан және офлайн түрде ұйымдастырылып, Qurban.muftyat.kz сайты арқылы жүзеге асты.
Айта кетсек, айттың бірінші күні Ақтөбе облысы өкілдігі бойынша 35 ірі қара, 523 қой шалынып, 1524 отбасы мен 5 мекемеге 21 тонна, 409 кг құрбандық еттері, ал екінші күні 7 ірі қара, 138 қой құрбандыққа шалынып, 3 мекеме, 479 отбасыға 4 тонна 934 кг ет, үшінші күні 14 ірі қара, 42 қой, 6 ешкі құрбандыққа шалынып, 1 мекеме, 415 отбасыға 3 тонна, 268 кг ет үлестірілді.
Үш күн бойы Ақтөбе қаласында 4 жерде құрбандық шалынды: «Есік» ЖШС (Мал базары), «Айбек» СПК (41-ші разьезд), ЖК «Қасымов и К» (Жаңақоныс), ЖШС «Дала ел» (Алматы ауданы).
Арнайы жеткізу қызметімен жеткізілген құрбандық еттерін алған тұрғындар «QURBAN — 2025» қайырымдылық акциясын өткізуге атсалысқан жергілікті билік мен облыс, қала, аудан мешіттеріне, жомарт жандар мен еріктілер тобына үлкен алғыс білдіріп, Алланың ризалығы мен сауабын тіледі.
Алла Тағала ізгі ниетпен шалған құрбандықтарымыз бен дұға-тілектерімізді қабыл етсін!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі