1 Сафар
Президент кеңесшісі Ақтөбе облысының имамдарымен кездесті 4539

Президент кеңесшісі Ақтөбе облысының имамдарымен кездесті

22 мамыр 2025 521 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбеге келген жұмыс сапары барысында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев аймақ имамдарымен кездесті.

Аталған жиында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Нұрланұлы кездесудің маңыздылығын баяндады.

Кездесу барысында Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан дін мен ұлттық құндылықтарға қатысты бастамаларына тоқталып, дін өкілдерінің ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтаудағы рөліне ерекше назар аударды.

Алқалы жиында дін, қоғам және мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынастар талқыланды.

Өз кезегінде Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев кездесуге келгені үшін Президент кеңесшісіне алғысын білдіріп, Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды толық қолдайтынын жеткізді.

«Бүгін баршамыз құтты мекен Ақтөбе өңірінде дін мен дәстүр сабақтастығы, Ислам мен зайырлы мемлекет ұғымы, деструктивті діни ағымдардың қоғамға теріс әсері, діни оңалту саласындағы тиімді әдістер, діни мамандар дайындаудың маңызы туралы жиында басқосып отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев дін төңірегіндегі мәселелерді де көтерді. Ол теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажеттігін баса айтты. Бұл — бүгінде көпшілік көкейіндегі мәселе.

Құрылтайда Мемлекет басшысы: «Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді», — деп атап өтті. Бұл — ұлттық мәдениетімізді дәріптеу тұрғысынан өте маңызды мәселе.

Төл тарихымыз, ұлттық құндылықтарымыздан нәр алып, сол арқылы білім-ғылымға, кемелденуге ұмтылу мақсатында әр мешітте кітапхана ашылып, онда Алаш арыстарының еңбектері, көркем әдебиеттермен кітапқоры толықты.

Қаладағы барлық имамдар облыстық С.Бәйішев кітапханасында оқырмандар клубына жазылып, апта сайын кітап оқу дағдысын қалыптастырды.

Қазір біздің барлық мешіттер ҚМДБ-ның «Иман» журналы мен «Мұнара» газеті ғана емес, «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Ана тілі» басқада мемлекеттік газет-журналдардың тұрақты оқырманы. Апта сайын ұстаздар жамағат пен шәкірттерге басылымдағы жаңалықтар мен мақалаларға шолу жасап, талдап, түсіндіреді. «Бір айда бір кітап» жобасы аясында кітап оқу жобасы қолға алынды.», деді облыстың Бас имамы.

Ал аудандағы имамдардың атынан Қобда ауданының бас имамы Абай Шымболатов: «Құрылтай мүшелері тарапынан көтерілген қоғамдық әдепті реттеу; теріс ағымдар мен ұлттық болмысымызға жат идеологияларға, түрлі алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою, той-жиын, ас, садақалардағы ысырыпшылдық т.б. мәселелер көтірілген болатын. Бүгінде имамдар мен ұстаздар имандылыққа үндеумен қатар, қоғамдық шараларға да белсене атсалысады. Атап айтқанда, жергілікті мәдениет ошақтары кітапхана және музей ұжымы мен қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарымен тонның ішкі бауындай бірлік пен берекені жастарға насихаттап келеміз» деп имамдардыың Ұлттық құрылтайда айтқан әрбір бастаманы терең зерделеп, назарға алғандығын айтып бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жандандырып, ел дамуына үлес қоса беретіндігін айтты.

 

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі