1 Сафар
#Құрбанайт2025: Ақтөбе имамдарының дайындық жұмыстары пысықталды 4550

#Құрбанайт2025: Ақтөбе имамдарының дайындық жұмыстары пысықталды

28 мамыр 2025 504 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе қаласындағы «Business Empire» орталығында ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Құрбан айт мерекесіне орай  өңір имамдарына жиналыс өтіп, штаб құрылды.

Облыстық мешіттің наиб имамы Алмат Әли дін қызметкерлеріне биылғы Құрбан айт мерекесінің өту форматын жіті түсіндірді.

Діни басқарманың шешімімен құрбандық шалу рәсімдерінің онлайн және офлайн өткізілуіне байланысты жергілікті қасапханалар және мал соятын орындармен келіссөздер жүргізіліп, жергілікті әкімшіліктер тарапынан қолдау болатынын айтты.

Жиын барысында облыстың Бас имамы Амантай Садиев жауапкершілігі мол үлкен іс-шараға еріктілер мен мешіт жамағатын жұмылдырып, барынша ыждағатпен қызмет атқаруға шақырды.

Ақтөбе облысы және қала әкімдігінің қолдауымен ұлық мейрамды жоғары деңгейде өткізу үшін Құрбандық шалу рәсімі бекітілген Ақтөбе қаласында 4 жерде құрбандық шалуға болады: «Есік» ЖШС және ЖК «Молдабеков» (Мал базары), «Айбек» СТК ет комбинаты (41-ші разьезд), ЖК «Қасымов и К» (Жаңақоныс), «Жібек жолы» (Рауан ықшам ауданы).

Аталған орындарда мешіт қызметкерлері діни рәсімнің шариғат талаптарына сай өтуіне қатысты нұсқаулықтар айтып, діни рәсімдерді атқарады. Осы орында қызмет жасайтын қасапшылардың басын қосып, оларға арнайы семинар-тренинг ұйымдастырылды. Семинар барысында малды шариғат талаптарына сай сою және санитарлық талаптарды сақтау және т.б. түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қолдарына рұқсат қағаз берілді.

Айта кетсек, облыстың бас имамы Амантай Садиев Ақтөбе қаласында Құрбан айт күндері құрбандық шалынатын орындардың дайындығын тексеріп, санитарлық талаптардың орындалуын алдын-ала қадағалады.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі