Қари сәбидің тұсауын кесті
ҚМДБ жариялаған «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Ақтөбе қалалық орталық мешітінде өткен «Жүректерді тірілткен – Құран» атты салтанатты тәж кию рәсімі барысында ұлттық дәстүрімізді ұлықтаған «Ақ жол тілеген тұсау кесер» шарасы ұйымдастырылды.
Шара барысында алтын алқа иегері Рүстемқызы Гүлнариям ханымның кенже ұлы Мұхаммадтың тұсауы кесілді. Аталған игі шараның басты мақсаты – ата-бабадан мирас болып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, оның тәрбиелік мәнін жас ұрпақ санасына сіңіру және дәріптеу.
Тұсау кесу рәсіміне қатысқан ұстаздар мен қонақтар Мұхаммадқа ақжарма тілектерін арнап, жарқын болашақ, ұзақ ғұмыр, иманды тәрбие мен берекелі өмір тіледі.
Ал Мұхаммадтың тұсауын Ақтөбе қалалық орталық мешітінің қари, ұстазы Мырзабек Мажитұлы кесіп, сәбиге ақ батасын берді.
"Ұлттық құндылықтар мен рухани тәрбиені ұштастырған тағылымды шара көпшілік көңілінен шығып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Осындай игі бастамалар халқымыздың салт-дәстүрі мен ислам құндылықтарының өзара сабақтастығын насихаттауға өз үлесін қосады"деді ұйымдастырушылар.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі







































