Облыстың Бас имамы қарттармен жүздесті 2517

Облыстың Бас имамы қарттармен жүздесті

23 ақпан 2023 262 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігі, «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы №1 «Әлеуметтік көмек көрсету» орталығындағы қарттармен жүздесті.

Ізгі кездесу барысында «Қазақ қашаннан үлкенді сыйлауда тәспісінен жаңылмаған. Халқымызда «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар. Біз – қарттарын қадірлеп өскен ұлтпыз.
Адамзаттың асылы, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әлсіздерге, науқастарға, қарттарға және кішілерге мейірімділік көрсетіңдер!», «Қарттарға құрмет пен сияпат Алла Тағалаға деген құрметтен туындайды» деген (Бұхари). Сондай-ақ Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланы ұлықтаудың бір түрі – шашы ағарған мұсылманға құрмет көрсету» (Әбу Дәуіт), «Жас адам бір қарттың жасына қарап құрмет көрсетсе, оның жасына жеткенде Алла Тағала оған жастарды құрмет еткізеді» деген даналық сөздері бар», -деп облыстың Бас имамы
қариялардың қал-жағдайларын сұрады.

Сонымен қатар жөндеу жұмыстарынан кейін намаз оқитын арнайы бөлме қарастырған орталық басшылығына алғыс айтты. Ал қарттарға қызмет көрсетіп жатқан мекеме қызметкерлеріне көптеген сауапты істер атқарып жатқанына тоқталды.

Одан өзге жүздесуде Серікжан Еншібайұлы бұл өмірдің сынақ екенін, Алладан үміт үзбей сабырлық танытудың маңыздылығын атап өтті. Әрбір адам баласы қашан да жақсылықты үмітті екенін баяндай келе, қарияларды мазалап жүрген сұрақтарға егжей-тегжей жауап беріп, шежіре туралы сауал аясында ендігі кездесуде қазақ шежіресін баяндайтын кітап сыйлайтынын айтты.

Шара қортындысында ұйымдастырушылар намаз бөлмесіне әкелген кілемді жайып, қарияларға жайнамаздар, діни кітаптар, оюлы төр көрпелерді сыйға тартты.

 

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі