Ақтөбе: Қалада Ораза айт тойланды 1655

Ақтөбе: Қалада Ораза айт тойланды

03 мамыр 2022 112 Оқу 1 минут

Ақтөбе қалалық орталық мешіті Ораза айт мейрамын тойлады.

Мереке айт намазын оқудан басталып, мешіттің Бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығы үшін дұға етті. Сонымен қатар жиылған көпшілік бір-бірін ораза айтпен құттықтады.

Мешіт жанында арнайы екі киіз үй тігіліп, мерекелік дастархан жайылып, көпшілікке «айттық көже» таратылды.

Дүбірлі шараның көркі ұлттық ойындармен қыза түсті. Арқан тартыс, қол күрес, қой көтеру және кір тасын көтеру секілді сайыстар бойынша жамағаттың білекті азаматтары күш сынасып, топ жарған жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен бүлдіршіндерге тәттілер мен балмұздақтар таратылып, мешіт жанына құрылған 2 батутта аниматорлармен ойындар ұйымдастырылып, ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Айтулы мерекеде әйел-қыздар орталығында әйелдер жамағаты дастархан басында бас қосып, қызықты ойындар өткізіп, ұстаздардың уағыз-насихатымен мерекені жандандырды.

Ұлық мерекенің осындай жоғары деңгейде аталып, қоғамдағы мәртебесін арттыруға мешіт жанашырлары мен демеушілері тарапынан 690 000 теңге қаражат жұмсалды.

Іс-шара қортындысында қаланың Бас имамы Ораза айт мерекесіне қолдау білдірген қалалық орталық мешітінің ондық алқа мүшелері мен демеушілеріне және жамағатына ерекше алғыс білдірді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі