«Мұнара» телеарнасында ерекше балалар тақырыбына арналған бағдарлама түсірілді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл арнасы, еліміздегі 24 сағат үздіксіз жұмыс істейтін рухани-ағартушылық «Мұнара ТВ» телеарнасындағы «Білу керек» бағдарламасының кезекті түсірілімі өтті. «Ерекше бала: Сынақ па, әлде мейірім мектебі ме?» тақырыбындағы бағдарламаны журналист, РАТТ мүшесі Ақтолқын Тажикова жүргізді.
Түсірілімге үш түрлі сала мен тағдыр иелері қатысты. Атап айтқанда, студия қонақтары ретінде ерекше бала тәрбиелеп отырған ана Венера Өмірзақова, физикалық терапевт әрі арнайы педагог Нұрдос Ахметкерей және «Әзірет Біләл» мешітінің имамы Нұрлыбек Такеев шақырылды.
Бағдарлама барысында ана Венера Өмірзақова гидроцефалия диагнозы қойылған төрт жасар қызы Сезім Ерсайынқызының тағдыры мен емделу жолы туралы әңгімеледі. Басындағы сұйықтықты реттейтін арнайы аппарат (шунт) орнатылған бүлдіршінге осы уақытқа дейін Ақтөбе, Алматы және Мәскеу қалаларында 8 рет ота жасалып, қажырлы еңбек пен күтімнің арқасында 3,5 жасында алғашқы қадамын басқан.
Сонымен қатар түсірілімде ерекше баланың дүниеге келуін қабылдау кезеңіндегі ата-ананың психологиялық күйі, ерте бастан оңалту шараларын бастаудың маңыздылығы және қоғамның ерекше жандарға деген көзқарасы кеңінен сөз болды. Дін өкілі мен медицина маманы шариғаттағы сабыр мен «себеп жасау» ұғымдарын ұштастыра отырып, осындай сынаққа тап болған отбасыларға рухани әрі кәсіби бағыт-бағдар берді.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі







































