Құранға бет бұрған жамағат: Хромтауда рухани сайыс өтті
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігіне қарасты Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде жамағат арасында Құран жарысы ұйымдастырылды. Тағылымды шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында «Ізгі қоғам» қоғамдық бірлестігі демеушілік етті.
Рухани сайыстың басты мақсаты – жамағатты Құран оқуға баулу, қасиетті кітапқа деген құрметті арттыру және діни сауаттылықты нығайту болды. Жарысқа әртүрлі жастағы қатысушылар қатысып, өзара бақ сынады.
Шараның ашылуында сөз алған ауданның Бас имамы Марал Иманғали Құранның мұсылман өміріндегі орнына тоқталып:
— «Құран – адамзатқа тура жол көрсететін қасиетті кітап. Оны оқу, үйрену және өмірімізге арқау ету – әрбір мұсылманның міндеті. Осындай жарыстар жамағаттың ынтасын арттырып, жүректерге иман нұрын ұялатады», – деп атап өтті.
Жарыс екі бағыт бойынша өткізілді. Атап айтқанда, 30-пара және «Фаджр–Нас» сүрелері аралығын жатқа оқу бойынша қатысушылардың білім деңгейі сынға түсті. Қазылар алқасы қатысушылардың тәжуид ережелерін сақтауына, оқу мәнеріне және жатқа айту шеберлігіне ерекше назар аударды.
Жарыс қорытындысы бойынша 30-парадан:
І орынды Кенжеғали Мейрамбек, ІІ орынды Әбдімажит Арман, ІІІ орынды Төреғали Мереке иеленсе, ынталандыру сыйлығы Байқадамов Алматқа табысталды.
Ал «Фаджр–Нас» бағыты бойынша І орынды Төрехан Берік, ІІ орынды Әбдімажит Абдулла, ІІІ орынды Дүйскерев Асылбек, IV орынды Ғалымұлы Ибраһим иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алғыс хаттармен және ақшалай сыйлыққа ие болды.










































