Зағип жандарға арналған игі бастама жүзеге асты
Шалқар ауданында «Жақсылық жолы» қоғамдық қоры аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітіне Брайль қарпімен жазылған Құран Кәрім жинағын және оған қажетті оқу құралдарын тарту етті.
Осы мақсатта арнайы Шалқар ауданына келген «Жақсылық жолы» қоғамдық қорының басшысы Айбек Шәмшіұлы аудандық мешітте болып, Өзбекстан Республикасынан әкелінген сегіз томдық Брайль қарпіндегі Құран Кәрімді табыстады. Сонымен қатар зағип жандардың қасиетті Құранды оқып-үйренуіне арналған «Муғаллим-сәни» кітаптары мен сүрелерді сандар арқылы таңдап, тыңдап әрі қайталауға мүмкіндік беретін арнайы аудиоқұрылғы сыйға берді.
Одан өзге қор тарапынан Брайль қарпімен басылған «40 хадис» кітабын да тарту етті. Бұл – кітап басылып шыққалы алғаш тарту етілген хадис кітабы.
Аталған Құран Кәрім кітаптарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Діни сараптама бөлімінің жүргізген сараптамасы нәтижесінде оң қорытынды берілген.
Шара барысында ауданның бас имамы Абзал Медетбеков игі іске ұйытқы болған азаматтарға ризашылығын білдіріп, бұл тартудың көру қабілеті шектеулі жандардың діни сауатын арттыруға үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.
«Бұл – сауапты әрі қоғам үшін маңызды іс. Зағип жандардың Құран оқып, діни білім алуына жағдай жасау баршамызға ортақ жауапкершілік. Осындай қайырымды іске мұрындық болып отырған «Жақсылық жолы» қоғамдық қорына және оның басшысы Айбек Шәмшіұлына аудан тұрғындары мен мешіт жамағаты атынан шынайы алғысымды білдіремін. Алла Тағала жасаған игі амалдарыңызға береке беріп, қайырын еселеп жазғай, – деді ауданның бас имамы.
Айта кетейік, Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұстазы Жұлдыз Тлеубай Брайль жүйесі бойынша арнайы оқу курсын тәмамдаған. Ендігі уақытта мешітке сыйға берілген кітаптар мен құралдардың көмегімен көру мүмкіндігі шектеулі азаматтарға Құран үйрету сабақтары ұйымдастырылады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі






































