РАНТ мүшесі Ұлт қайраткерлерінің өнегесі туралы студенттерге насихат айтты 6285

РАНТ мүшесі Ұлт қайраткерлерінің өнегесі туралы студенттерге насихат айтты

16 сәуір 2026 22 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Уағыз-насихат бөлімінің жылдық жоспарына сай Ақтөбе облысына арнайы 2 күндік іс-сапармен РАНТ мүшесі (Республикалық ақпараттық-насихат тобы мүшесі) Жандос Ырысбаев келді.

ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігіне қарасты Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен «Ислам және адал қоғам» жылы аясында маңызды тағылымды кездесу өтті. Аталған шараға РАНТ мүшесі Жандос Орынбайұлы арнайы қатысып, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің студенттерімен жүздесті.

Кездесу барысында спикер «Ұлт қайраткерлері мен дін қайраткерлерінің қазақ даласына қосқан үлесі» тақырыбында мазмұнды дәріс оқыды. Дәріс аясында Ақтөбе өңірінен шыққан бірқатар көрнекті тұлғалардың өмір жолына тоқталып, олардың ел дамуына, рухани құндылықтарды сақтауға қосқан сүбелі еңбектерін атап өтті. Сондай-ақ жастарды тарихты тануға, ұлттың өткенінен тағылым алуға үндеді.

Жандос Орынбайұлы өз сөзінде білім алудың маңыздылығына ерекше тоқталып, діни білімді тек білікті әрі сенімді мамандардан алу қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, ұлт қайраткерлерінің өмір жолын үлгі ете отырып, жастарды елге адал қызмет етуге, қоғам игілігі үшін еңбек етуге шақырды.

Кездесу барысында діни сауаттылықты арттыру, теріс діни ағымдардың алдын алу мәселелері мен лудомания секілді зиянды әдеттердің зардабы кеңінен қозғалды. Спикер жастарға діни мәселеде аса мұқият болу керектігін түсіндіріп, жат ағымдардың белгілері мен олардан сақтану жолдары жөнінде нақты ақпарат берді. Сондай-ақ мұндай ағымдардың қоғам мен жеке адам өміріне тигізер кері әсерін атап өтті.

Тағылымды шара соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Кездесу жастардың рухани дүниесін байытып, ұлттық және діни құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды басқосу болды.