Ақтөбе: 17 жылдан кейін облыстық мешіттің кілемі  қазақы үлгіде толық жаңартылды 4701

Ақтөбе: 17 жылдан кейін облыстық мешіттің кілемі қазақы үлгіде толық жаңартылды

27 шілде 2025 401 Оқу 1 минут

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазірет 2025 жылды «Ислам және отбасы» құндылығы деп бекітіп, осы жыл аясында барлық мешіттерді қазақы үлгіге сай жабдықтауды тапсырған болатын. Осыған орай Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев шұғыл әрекетке көшіп, жергілікті жамағат пен белді кәсіпкерлердің басын қосып, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің кілемі  қазақы үлгіде жаңартылды. 

Айта кетсек, бір мезетте 4 000 адам құлшылық ететін мешітте 2211 шаршы метр жеріне құны 60 миллион теңге тұратын су жаңа кілем төселді. Бұл кілем мешіт ашылғаннан 17 жыл өткен соң ауыстырылды.

Бір жарым ай ішінде арнайы тоқылған кілемді Түркия елінен арнайы «Tavus» кілем тоқу зауытының директоры мен қызметкерлері келіп 5 күн бойы кілем төседі. Ал облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің жамағаты мен шәкірттері жұмыла қол ұшын созып, кілем жаюға көмектесті.

Жаратушы Иеміз қасиетті Құранда: «Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы» («Сәбә» сүресі, 39-аят) деп мұсылманды ізгі істер жолында мал жұмсауға құлшындырған. Өмірін, тіршілігін, құлшылығын, мал-мүлкін жақсылыққа арнаған адам ешқашан молшылық пен берекеден кенде болмайды.

Барша атсалысқан дін жанашырлары мен демеушілерге Алла разы болып, жәннаттан үй тұрғызсын деп тілейміз!


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі