Бөгетсайда ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті 6283

Бөгетсайда ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті

16 сәуір 2026 16 Оқу 1 минут

Хромтау ауданына қарасты Бөгетсай ауылдық «Ақнұр» мешітінің имамы Наурызбай Қуантайұлы ауылдық округ әкімдігімен бірлесіп оқушылар арасында ұлттық спорт түрлерінен тартысты жарыстар өткізді. Тағылымды шараның басты мақсаты – жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру болды.

Жарысқа ауыл жастары белсене қатысып, өзара бақ сынасты. Атап айтқанда, қазақтың төл спорты – қазақша күрес, гір тасын көтеру, арқан тартыс және қол күрес түрлері бойынша сайыстар ұйымдастырылды. Әр спорт түрі тартысқа толы өтіп, қатысушылар өздерінің күш-жігерін, ептілігі мен төзімділігін көрсете білді.

Шара барысында имам Наурызбай Қуантайұлы жастарға ізгі тілегін білдіріп:

— «Ұлттық спорт – ұлттың рухы. Осындай жарыстар арқылы біз жастарды бірлікке, күштілікке, сабырлыққа тәрбиелейміз. Дені сау, рухы мықты ұрпақ – елдің болашағы», – деп атап өтті.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.