#Рамазан2026: Облыстың Бас имамы тарауық намазында насихат айтты
Бүгін Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде тарауық намазына қатысып, жамағатқа насихат айтты.
«Рамазан – нәпсіні тізгіндеп, рухты тазартатын тәрбие мектебі. Ораза адамды сабырға, шүкіршілікке және мұқтаждарға мейірім танытуға үйретеді. Ал Тарауық намазы – жүрекке тыныштық сыйлайтын, рухани қуат беретін ерекше құлшылық.
Рамазан айында құптан намазынан кейін тарауық намазын оқу – бекітілген сүннет. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рамазан айында жеке өзі жиырма рәкағат (тарауық) және үтір намазын оқитын», – деген (имам Байһақи)» деді облыстың Бас имамы.
Тарауық намазынан кейін жамағатпен бірге еліміздің амандығы мен тыныштығы, халқымыздың бірлігі мен берекесі үшін дұға жасалды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі









































