«Ел үлесі пәтерге»: Ақтөбеде Қадір түнінде  8 баспана берілді 6083

«Ел үлесі пәтерге»: Ақтөбеде Қадір түнінде 8 баспана берілді

16 наурыз 2026 816 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі пәтерге» акциясы бойынша дін жанашырлары, кәсіпкерлердің демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі жандар, көп балалы, жалғыз басты отбасы мен жетім балаларға жалпы 8 баспана берілді. Аталған 8 үйдің 3-і қызметтік пәтер. 

Баспана сертификатын Қадір кешіне жиналған жамағат алдында Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев табыстады.

Бас мүфтидің тікелей бастамасымен жүзеге асырылған игі шараның басты мақсаты — әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды қолдау, ел ішіндегі қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру және қоғамның ортақ ізгі іске жұмылуына ықпал ету. Сонымен қатар бұл бастама арқылы Ислам дінінің бауырмалдық, мейірімділік сынды асыл құндылықтарын насихаттау.

Өз кезегінде пәтерге ие болған азаматтар «Ел үлесі пәтерге» жобасын ұйымдастырушыларға, аталған шараға үлес қосқан барша жанға алғысын білдірді. Одан кейін ел тыныштығы мен бірлігі үшін дұға жасалды.

Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) «Адамдардың ең жақсысы – адамдарға ең пайдалы болғаны» (Муснад Ахмад) деген. Қасиетті Құранның 200 жерінде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Сауабы мол игі іске қолдау көрсеткен демеушілер мен барша жанға Алла Тағала сансыз сауаптан жазсын!

8 баспана мен иелері туралы ақпарат

  • № 896 баспана иесі 4 бала тәрбиелеп отырған мүмкіндігі шектеулі жан. 3 бөлмелі пәтер. Көлемі – 68 шаршы метр. Ақтөбе қаласы.
  • № 900 баспана иесі ІІ топтағы мүгедек, жалғызбасты ана. 1 бөлмелі пәтер, көлемі – 39,9 шаршы метр. Ақтөбе қаласы.
  • № 897 баспана иесі көпбалалы ана.. Балаларының бірі — ІІІ топтағы мүгедек. 2 бөлмелі пәтер. Көлемі -50,9 шаршы метр. Ақтөбе қаласы.
  • № 898 баспана иесі жалғызбасты ана. Ұлы мен анасы ІІ топтағы мүгедек. 2 бөлмелі пәтер. Көлемі – 50,9 шаршы метр. Ақтөбе қаласы.
  • № 899 баспана иесі Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов. Еңбек өтілі 10 жыл. Үйленген. 3 баласы бар. 3 бөлмелі пәтер, көлемі – 68 шаршы метр. Ақтөбе қаласы.
  • № 882 қызметтік баспана. Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Жарық ауылдық мешітінің имамы Бақытжан Демесинов. Үйленген. Имамның 6 баласы бар. Жарық ауылы, 3 бөлмелі үй. Көлемі – 65 шаршы метр.
  • № 901 қызметтік баспана. Ақтөбе қаласы, Бауырластар елді мекені, «Қайырқожа» мешітінің имамы Шыңғыс Құлшаров. Үйленген. 2 баласы бар. Бауырластар елді мекені,3 бөлмелі үй. Көлемі – 86 шаршы метр. Ақтөбе қаласы.
  • № 904 қызметтік баспана. Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы, Бөгетсай ауылдық мешітінің имамы Наурызбай Қуантайұлы. Имам үйленген. 2 баласы бар. Бөгетсай ауылы, 4 бөлмелі үй. Көлемі – 95 шаршы метр.
    Ақтөбе облыстық орталық  «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі