#Рамазан2026: 28 бала тәрбиелеп отырған отбасыға ауызашар берілді
Бүгін ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес Ақтөбе қаласының бас имамы, «Зекет және қайырымдылық» қорының облыс бойынша жауапты өкілі Алмат Әлидің ұйымдастыруымен 28 баланы қамқорлығына алған Жетесовтар отбасына (жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеп отырған) ауызашар берілді.
Бұл қайырымдылық шарасы балалардың жүздеріне күлкі сыйлап, жүректеріне жылулық ұялатты. Ақ дастарқан басында ізгі тілектер айтылып, дұға жасалды.
Айта кетсек, ақпан айында Жетесовтер отбасына ҚМДБ-ның «Ислам және адал қоғам» жылы аясында 20 балаға арналған екі қабатты керуеттер, толық төсек-жабдықтары, сондай-ақ балаларға тәттілер мен ойыншықтар табысталды.
Жетесовтер отбасы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіретке және имамдар мен демеушілерге алғысын білдірді. Қасиетті Құранның 200 жерінде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Осы сауабы мол іске қолдау көрсеткен демеушілер мен барша жанға Алла Тағала сансыз сауаптан жазсын!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
























































