Шалқарда «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік шара өтті
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жылдық жоспарына сай Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің алаңында «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік шара өтті.
Мерекені Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков құттықтау сөзімен бастап, дәстүрлі мерекенің маңыздылығын баяндады.
Мешіт алаңына киіз үй тігіліп, жастар арасында «Наурыз» мерекесінің құрметіне орай арқан тарту, гір көтеру және ләңгі тебу бойынша ұлттық ойындардан жарыс өтті.
Сайыс қорытындысы бойынша «Гір көтеру» жарысынан I орынды Иса Руслан иеленсе, II орынмен Батыр Әлмұханов , III орынмен Ақылбек Бекетов марапатталды.
«Ләңгі тебу» ойыны бойынша I орынды Нұртай Махамбетов , II орынды Сағыныш Абланов, III орынды Серік Құсабаев иеленді.
Ал командалық «Арқан тартыс» бойынша жүлделі I орынға «Пч-8» командасы , II орынға «№2 БЖСМ» командасы, III орынға «Жанаман ахун Сейітімұлы» командасы ие болып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Сонымен қатар игі шарада мешіт атынан ауызашарға ұлттық дәмнің бірі наурыз көже мен құрма таратылып, мешіт қызметкерлері халыққа жақсы көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, мерекелік шарада жалпы 100 адам қамтылып, жұмыла атсалысқан қызметкерлер мен жамағатқа алғыс білдірілді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі