«Отбасы. Рамазан. Адал ас» атты семинар өтті 4232

«Отбасы. Рамазан. Адал ас» атты семинар өтті

23 ақпан 2025 187 Оқу 1 минут

Ақтөбе қаласындағы «Бақытжан» мешітінде қасиетті Рамазан айының алдында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында әйел жамағатына ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің Ақтөбе облысындағы өкілі, технолог Ақмаржан Ержанқызымен семинар өтті. 

Дінімізде адал астың маңызы өте маңызды. Мешіт ұстазы Анар Қойшығұлова жиналған жамағатқа «Адал астың отбасы берекесі үшін, дұғалар қабыл болуы, ізгі ұрпақ пен денсаулыққа зор маңызы бар екенін айтып өтті.

Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 168-аятында Алла Тағала: «Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің адалын әрі тазасын жеңдер!» – деп бұйырған. Сол секілді Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адал кәсіп табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз», – деп, адал табыс табудың маңызын атап өткен.

Осыны ұстанған халқымыз «Ас - адамның арқауы» деп ұрпағына да, қонағына да, тіпті ауладағы төрт түлік малына да адал асын берген.

Мұсылман адамның жейтін асы адал болуы үшін екі түрлі шарт бар:

1. Жейтін астың адал болуы;

2. Келу жолының адал болу», деді Ана Қойшығұлова.

Ал ҚМДБ «Халал даму» мекемесінің Ақтөбе облысындағы өкілі, технолог «Халал Дамудың» сараптама мен сертификаттаудың маңыздылығы, мақсаты, жұмыс барысы жөнінде мағлұмат берді. Сондай-ақ сертификат алу жолдары, оның тәртібі туралы да тоқталды.

Ақмаржан Ержанқызы бүгінгі таңдағы әр қазақтың дастарханынан орын алған тағамдардың құрамы, не болады, неге рұқсат, тыйым бар екені, тағамның құрамындағя қоспалар мен дәмдеуіштер туралы кеңінен түсіндірді.

Жиналған жамағаттың көкейкесті сұрақтары көп болды. Барлық сұрақтарға технолог байсалдылықпен толыққанды жауап беріп, жамағаттың ҚМДБ «Халал Даму» сайтын көрсетіп, қосымшаны жүктеуді үйретті.

Қасиетті Рамазан айы алдында жамағат арасында сұранысқа ие, өте өзекті әрі пайдалы семинар болды. Жамағат алғысын білдірді.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі