Рамазан дайындығы: «Адал ас — жанға шипа» атты семинар өтті
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің Рамазан айына бекіткен жоспары аясында Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен әйел жамағатына «Адал ас — жанға шипа» атты семинар өтті.
Аталған семинарға Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова, РАТТ мүшесі, «Бақытжан» мешітінің ұстазы, «Мұнара» арнасының тілшісі Ақтолқын Тажикова, ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің өңірдегі технологы Ақмаржан Ержанқызы, облыстық мешіттің ұстазы Ақмарал Сансызбай және ақ жаулықты әжелер мен шәкірттер, әйел жамағаты қатысты.
Семинарды сектор жетекшісі ашып, халал астың адам өміріндегі маңызы мен семинардың маңыздылығын баяндады. Сонымен қатар 28 ақпанда облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің асханасында өтетін «Біз күткен Рамазан» атты рухан кеш туралы айтты.
РАТТ мүшесі ұстаз Ақтолқын Тажикова «Алла Тағала Құранда: «Ей, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 2/168) – деген деп оны ашып, толып түсіндіріп өтті. Одан өзге харамды жеген адамға келетін төрт қауіп бар екендігінде талдап, адам өмірінде адал өнімнің не үшін маңызды екендігін айта келе, өңірдегі ҚМДБ Халал Дамудың сертификатталған өнімдерін пайдалануға шақырды. Тұтынушыдан сұраныс болу керектігін тиек етіп, күн санап аталған мекеменің сертификатын алған кәсіпорындар саны артып келе жатқанын қуанышпен бөлісті. Осындай игі істе ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің атқарып жатқан жұмыстары ерен зор деді.
Семинарда «Халал Даму» өңірдегі технологы халал өнімдерін өндіру мен тұтынудың маңызы, азық-түлік таңдау барысында туындайтын мәселелерді талқылап, халал индустриясының болашағы мен оның қоғамдағы рөлі жайында да құнды ақпараттар берілді.
Ақмаржан Ержанқызы өз сөзінде халал өнімдерге қойылатын талаптар мен сертификаттаудың маңыздылығына ерекше тоқталып, әрбір мұсылман халал өнімдерді тұтыну арқылы Алланың разылығына жетуге ұмтылуы керектігін атады. Ал технологиялық жағынан халал өнімдер өндірісінің ерекшелігі мен талаптарында түсіндірді.
Семинар қортындысында қатысушылардың сұрақтарына жауап беріліп, халал өнімдер мен қызметтердің сапасын арттыру мақсатында алдағы уақытта өңірде бірқатар бастамалар мен шаралар қолға алынатыны мәлім болды.
Айта кетсек, Білім ізденушілерге ауа райының қолайсыздығы боранда кедергі болмай, белсенді қатысты. Сауабы мол шара Рамазанға да дайындықтың бастауы болды. Қасиетті рақым айында жалғасын табады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі