«Әйел – адал қоғамның тірегі» атты семинар өтті 6598

«Әйел – адал қоғамның тірегі» атты семинар өтті

30 шілде 2026 39 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Мұғалжар ауданы, Ембі қалалық «Нұр» мешітінің ұстазы Қарлығаш Рысбектің ұйымдастыруымен «Әйел – адал қоғамның тірегі» атты ауқымды рухани семинар өтті. Мазмұнды шараға өңірдегі 50-ден астам әйелдер жамағаты қатысты.

Алқалы жиын қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен ашылды. Шараның басты мақсаты — әйел жамағатының діни сауаттылығын арттыру, отбасы құндылықтарын нығайту және қоғамда имандылық пен ізгілікті насихаттау болып табылады.

Рухани форум барысында білікті дін мамандары мен ұстаздар өзекті тақырыптарда баяндама жасады:

Кенжегүл Кушкарова (ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі) — «Исламда әйелдің ар-намысы мен абыройын қорғау, анаға құрмет көрсету»;

Жұлдыз Алдаберген (Ақтөбе қалалық «Бақытжан» мешітінің ұстазы) — «Қыз баланы тәрбиелеудің маңыздылығы және отбасыдағы әйелдің ерекше орны»;

Баян Мустахап (Қобда аудандық «Шәріп молда» мешітінің ұстазы) — «Әйел имандылығының ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі»;

Шолпан Қайыр (Ақтөбе қалалық «Махаббат» мешітінің ұстазы) — «Мұсылман әйелдің көркем мінезі, білім алуға ұмтылысы және қоғамдағы жауапкершілігі».

Спикерлер өз сөздерінде Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты хадистері негізінде тағылымды түсіндірмелер берді. Шара соңында ұйымдастырушы Қарлығаш Рысбек ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау және ұлттық әрі діни құндылықтарды дәріптеу жөнінде насихат айтып, облыс пен аудандардан арнайы келген әріптестеріне алғыс білдірді.

Семинардың практикалық бөлімі де ерекше ұйымдастырылды:  Жиын барысында жамағатқа тәрбиелік мәні зор ғибратты көріністер қойылып, қызықты танымдық ойындар мен викториналық сұрақтар ұйымдастырылды. Сайыс қорытындысы бойынша озық шыққан жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Кездесу соңында қатысушылар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Жиналған ақ жаулықты аналар ұйымдастырушылар мен қонақтарға ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі