Облыстың Бас имамы төтенше жағдайдан кейін Байғанин ауданының жай-күйімен танысуға барды
Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев төтенше жағдайдан кейін Байғанин ауданына арнайы іссапармен барды.
Сапар барысында тұрғындармен кездесіп, ауданда болған жойқын дауыл мен жарияланған төтенше жағдайдан кейін зардап шеккен халықты сабыр сақтауға, үрейге бой алдырмауға және ауызбіршілік танытуға шақырды.
Байғанин ауданында (Қарауылкелді ауылында) орын алған қатты дауыл мен нөсердің салдарынан байланыс мұнарасы құлап, ғимараттар зақымдалды. Аталған ғимараттардың қатарындағы аудандық орталық мешіттің шатыры ұшып кеткен. Сонымен қатар шатырдың астына қағылатын ағаштары да зақымданған.
«Басымызға келген бұл жағдай бәріміз үшін үлкен сынақ болды. Еңсені түсірмей, алға қарауымыз керек. Біз мықты, иманды халықпыз. Мынаны анық түсінейік: бұл ауа райының апаты қолдан жасалмайды, бұл – адам баласының еркінен тыс болатын табиғи апат. Біздің иманды жүрегіміз бен мызғымас бірлігіміз кез келген қиындықты жеңіп шығуға қауқарлы. Ең бастысы – біз бұл қиындықта елмен біргеміз, жалғыз емеспіз.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Шарх» сүресінде бізге үлкен уәде мен мотивация беріп, былай дейді: «Шын мәнінде, әрбір қиындықпен бірге бір жеңілдік бар! Әрине, әрбір қиындықпен бірге бір жеңілдік бар!» («Шарх» сүресі, 5-6 аяттар). Алла бұл сөзді Құранда екі рет қайталап айтты. Бұл – бүгінгі ауыр күннің артында ертең үлкен қуаныш пен жеңілдіктің келетініне анық кепілдік. Сондықтан үмітсіздікке бой алдыруға ешқандай негіз жоқ. Ауыр соққыдан кейін қайта тұру – нағыз мұсылманның қасиеті. Ардақты Пайғамбарымыз( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізді жігерлендіріп, мынадай керемет хадис қалдырған: «Күшті (рухы мықты) мүмін Алланың алдында әлсіз мүміннен қарағанда қайырлы әрі сүйіктірек... Саған пайда беретін нәрсеге ұмтыл, Алладан жәрдем тіле және әлсіздік танытпа (еңсеңді түсірме)». Дәл қазір бізге әлсіздік танытуға, қол қусырып отыруға болмайды. Бұл апат біздің бір-бірімізге деген бауырластығымызды, ауызбіршілігімізді сынайтын сәт. Рухымызды түсірмейік, бір-бірімізге демеу болайық.
Кез келген қиындықта біз елмен біргеміз. Жаратушы Алла Тағала елімізді, жерімізді тілсіз жаудан, мұндай ауыр апаттардан сақтасын! Бастарыңызға келген сынақтың соңын жақсылыққа ұластырып, шаңырақтарыңызға береке берсін. Ауызбіршілігіміз бекем болсын!» -деді Амантай Әбілдаұлы.
Облыстың Бас имамы Ақтөбе облысы өкілдігі тарапынан аудандық мешітті қалпына келтіру жұмыстарына қолдау білдіретінін айтты. Қазіргі таңда шығындар есептеліп, алғашқы материалдар 1-2 күнде түсіп, жұмыстар басталатындығын мәлімдеді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
















































