Ақтөбеде XV республикалық Құран жарысына іріктеу сайысы өтті
Бүгін ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан XV республикалық Құран жарысына іріктеу сайысы өтті. Қарилар төрт аталым бойынша бақ сынады. Жалпы жарысқа 20-нан аса үміткер қатысты.
Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев шараны ресми ашып, алғы сөз сөйлеп, Алланың мұғжиза ретінде түсірген кітабының мәртебесін түсіндіріп, Құран жарысының маңызына тоқталып, сайысқа қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі. Сонымен қатар аталған байқауға демеушілік танытқан жомарт жандарға алғысын білдірді.
«Баршаңызды бүгінгі берекелі әрі нұрлы рухани мерекемен – республикалық Құран жарысының облыстық іріктеу кезеңінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жәй ғана сайыс емес, бұл – Жаратқан Иеміздің қасиетті сөзін ұлықтайтын, өңірімізге Алланың рақымы мен берекесін жаудыратын ерекше сәт. Ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің мүбәрак хадисінде: «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің», – деп бұйырған. Бүгін бақ сынайтын әрбір қари – еліміздің ең жақсылары, үмбеттің мақтаныштары. Құранды көкірегіне тоқыған жанның дәрежесі екі дүниеде де биік болады. Тіпті осы залда отырып, Құран аяттарына құлақ түріп, оны тыңдаудың өзі – үлкен сауап әрі бізге Алланың рақымын жақындататын ұлы амал» деді Амантай Садиев.
Сайысты Ақтөбе облысы өкілдігінде ҚМДБ «Құран» секторының жауапты маманы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Бекжан қари Әлденов және «Әзіреті Біләл» мешітінің ұстазы, республикалық Құран жарыстарының жеңімпазы Хабибулла қари Раушан қазылық етіп, қатысушылардың тәжуид ережелерін сақтауы мен дауыс мәнеріне назар аударды.
Дода Бекзат қари Тасболатовтың Құран оқуымен басталды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар:
Мәнерлеп оқудан
І орын — Омар Мамұджанұлы (70 000 теңге)
ІІ орын — Мархаба Амантайұлы (50 000 теңге)
ІІІ орын — Рамазан Нұрхан (30 000 теңге)
10 парадан
І орын — Серікұлы Хасан (100 000 теңге)
ІІ орын — Нағим Ислам (70 000 теңге)
ІІІ орын — Сағынбай Мансур (50 000 теңге)
20 пара
І орын — Хамитов Мырзабек (150 000 теңге)
!! орын — Молдин Ахад (100 000 теңге)
ІІІ орын — Дәрібай Есет (70 000 теңге)
30 парадан толық Құраннан
І орын — Бекзат Тасболатов (200 000 теңге)
ІІ орын — Ералы Құлмағанбетұлы (150 000 теңге)
ІІІ орын — Бархат Ислам (100 000 теңге)
Бірінші орын алып, жолдама алған қарилар 4-6 қыркүйек күндері Ақтөбе қаласында өтетін Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша XV республикалық Құран байқауында ақтөбенің атынан бақ сынайды.
Алла жар болсын! Бақтары мен баптары келісті болуын, жеңіс тұғырын тілейміз!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі


































































