«Үкім беру мен пәтуа шығару жауапкершілігі» атты семинар өтті
Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әлидің бастамасымен және «Қабақ Баба» мешітінің ұйымдастыруымен қала және аудан имамдарының қатысуымен «Үкім беру мен пәтуа шығарудың жауапкершілігі» атты семинар өтті.
Семинарға облыс бойынша «Шариғат және пәтуа» бөлімінің жауапты маманы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Талғат Аманов спикер ретінде қатысып, ҚМДБ тарапынан шығарылған пәтуаларды таныстырып, олардың мазмұны мен қолданылу тәртібіне кеңінен тоқталды.
Кездесу барысында пәтуа берудегі діни білімнің маңызы, шариғи үкім шығарудың жауапкершілігі және қазіргі қоғамда жиі кездесетін өзекті діни мәселелер жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар семинарға қатысқан қала және аудан имамдары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, спикер тарапынан нақты әрі тұшымды жауаптар алды.
Жиын соңында имамдардың діни сауаттылығын арттыру, шариғи мәселелерге қатысты жауапкершілікпен шешім қабылдау және ҚМДБ бекіткен пәтуаларды дұрыс жеткізу мәселелерінің маңыздылығы атап өтілді.







































