ТҮРКІСТАН: «ДАРХАН ДАЛА» ЖОБАСЫМЕН ТАҒЫЛЫМДЫ ЗИЯРАТ
Әйтеке би ауанының бас имамы Ғабидолла Тілесұлының жетекшілігімен ҚМДБ-ның «Дархан дала» жобасы аясында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының әжелері Түркістан төріне рухани зиярат жасады.
Аталған жоба Наурызбай қажы Тағанұлы бастамасымен жүзеге асып, отандық туризмді дамытуға үлес қосу, халық арасында дін мен дәстүрімізге сай киелі орындарды зиярат ету мәдениетін қалыптастыру, шариғат талаптарын насихаттау және тарихи мекендерге тағылымды сапар ұйымдастыруды мақсат етеді.
Сапар барысында тағылымы терең, тарихы бай киелі мекендер — Қожа Ахмет Ясауидің рухани ұстазы болған әулие жатқан қасиетті Арыстан баб кесенесі, Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гаухар ана мазары, Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениет пен ғылымның ірі ордасы болған көне Отырар қалашығына зиярат етіліп, тарихы таныстырылды.
Сонымен қатар көп зиярат ететін басты рухани орындардың бірі саналатын Арыстан баб кесенесінде Құран бағышталып, дұға жасалды.
Тарихқа тұнған Түркістан аймағына жасалған мұндай сапарлар өткенге тағзым, руханиятқа бетбұрыс, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыра түседі.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі





















































