Имамдар мен ұстаздар қазыналы қарттарды мерекемен құттықтады
Бүгін «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында «Дін мен дәстүр» бағыты бойынша халықаралық Қарттар күніне орай Ақтөбе өкілдігінде имамдар мен ұстаздар қазыналы қарттарды мерекемен құттықтады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан Ақсақалдар институтын жаңғырту мақсатында қоғамда қарттардың беделі мен рөлін арттыру мақсатында Ақсақалдар кеңесі құрылды. Осыған орай әр өкілдікте «Аталар» мен «Әжелер» мектебі ашылды.
Ақтөбе қаласындағы «Қабақ баба» мен "Қайырқожа", "Қурайлы", "Әзіреті Біләл" және Алға, Қобда, Хромтау, Шалқар ауданындағы имамдар мен ұстаздар пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қарттың қасында береке бар» дегенді қағида аясында арнайы қарияларға мерекелік дастархан жайып, сыйлық табыстап, құрмет көрсетті. Сонымен қатар қарттардің үйіне де арнайы барып, батасын алды. Ең үлкен қарттың жасы 88-де.
Мерекелік құттықтау барысында «Қадірлі ақсақалдар мен аға буын! Алла Тағала қарты бар үйді – қазыналы үй дейді. Сіздер үй ғана емес сонымен қатар мешіттеріміздің көркі болып табыласыздар. Раббымыз қартқа рақымы түсіп қарайды екен. Қарттың аузы дұғалы болады. Сол дұға тілектеріңізді Алла қабыл алсын!» деді ЖАНТ мүшелері.
Тарихымызға қарасақ, қай кезеңде де қазыналы қарияларымыз елді бірлік пен ынтымаққа, адал еңбекке бастап отырған. Алла Тағала әрдайым үлкендердің батасын алып, бақытты ғұмыр кешуді жазғай!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі






























































