Тұңғыш рет «Салауат сырлары» атты 21 күндік  марафон өтті 2833

Тұңғыш рет «Салауат сырлары» атты 21 күндік марафон өтті

15 шілде 2023 946 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен әйел жамағаты арасында республикалық 21 күндік «Салауат сырлары» атты марафон өтіп, онлайн сайысқа Алматы, Түркістан, Орал, Атырау облыстар және де Ақтөбе облысына қарасты аудан, ауылдардан жалпы саны 376 адам қатысты.

Игі шара аясында яғни 21 күн ішінде «Бақытжан» мешіті ұстазы Анар Қойшығұлова «Салауаттың артықшылығы, пайдалары, үкімдері, сондай-ақ пайғамбарымыз Мұхаммад (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаяны, Пайғамбарға деген махаббат пен сағыныш» тақырыптарына жіті тоқталды.

Ардақты пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)махаббат арттырып, құрмет көрсету, жақсы әдет қалыптастыру, ілім алу мақсатында өткен марафонда әйел жамағаты аса қызығушылықпен белсенділік танытты.

Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған салауатты көп айтқан адам Қиямет күнінде маған ең жақын адам болады» десе, Қасиетті Құранда: «Расында, Алла Пайғамбарға үнемі шексіз нығметі мен рақымын төгіп, күннен күнге мерейін өсіруде. Ал Оның періштелері болса, ол үшін үнемі игі тілек тілеп, дұға етуде. Уа, мүміндер! Ендеше сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар (яғни оны шын жүректен ардақтап, оған Алланың рақымы мен есендігін тілеп, бар ықыласпен дұға етіңдер және оған қалтқысыз мойынсұнған күйде сәлем жолдаңдар)» делінген («Ахзаб» сүресі, 56-аят).

Ғибратқа жол бастар «Салауат сырлары» марафонының қорытынды рухани кеші мен марапаты офлайн форматта ҚМДБ Ақтөбе облысы «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде өтіп, 86 адам қатысты.

Рухани кеш Алланың кәләмімен басталды. Сонымен қатар кеш барысында облыстағы «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Кенжегүл Кушқарова мен «Бақытжан» мешітінің ұстазы Анар Қойшығұлова шараның маңыздылығын баяндап, насихат айтты.

Ал шәкірт А.Нұрсабитованың дайындауы арқылы Каһооt қосымшасы арқылы Сирадан сайыс өтіп, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ шәкірт Зәру Дәрібайқызы «Сандар сөйлейді» атты білім сайысын жүргізді. Одан өзге Мұқанбетқали Кәусар «Пайғамбар өмірбаянынан» жыр-дастан айтты.

Рухани кеш қортындысында «Салауат сырлары» марафонының жалпы саны 100.000-500.000 аралығында салауаттар иелері Қасиетті Құрандармен және діни кітаптар табысталды.


Жеңімпаздар

І орын – Сән Ағзамова (Ақтөбе қаласы, «Нұр Ғасыр» мешітінің шәкірті. 720.753 салауат);

ІІ орын – Байқадам Мариям (9-сынып оқушысы «Бақытжан» мешітінің шәкірті. 675. 753 салауат):

ІІІ орын – Клара Арзагулова ((зейнеткер) «Бақытжан» мешітінің жамағаты 515.003 салауат).

Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

Айта кетсек, «Ең жас қатысушы» номинациясына ие болған  Оңдасын Тасним 5 жаста болса, ал ең жасы үлкен қатысушылар зейнеткер апалар болды.

Марафонға қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта игі бастама жалғасын тапса деген тілегінде айтты.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі