«Бақытжан» мешітінде шәкірттер емтихан тапсырды
Бүгін Ақтөбе қаласындағы «Бақытжан» мешітінде шәкірттердің жыл бойы алған білімдерін пысықтау, жүйелеу және бағалау мақсатында арнайы емтихан өтті.
Шәкірттердің шариғи пәндер бойынша алған теориялық және тәжірибелік білімін саралау, олардың білім сапасын арттыруға бағыт беру мақсатында өткен емтиханды облыс бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова мен РАТТ мүшелері, «Бақытжан» мешітінің ұстаздары Ақтолқын Тажикова мен Анар Қойшығұлова қабылдады.
«Білім әрбір мүмін әйел мен ерге парыз» атты тақырып аясында өткен бұл емтихан барысында шәкірттер ақида, фиқһ, сира, Құран әліппесі және тәжуид пәндерінен сынақ тапсырды. Әр пән бойынша 20–30 сұрақтан тұратын тест сұрақтары әзірленіп, шәкірттердің оқу барысында меңгерген білімдері жан-жақты тексерілді.
Анар Қойшығұлова «Білім алудың маңызы және білгенге амал ету» тақырыбында насихат айтып, Кенжегүл Кушкарова мен Ақтолқын Тажикова алдағы уақытта білім сапасын жетілдіру бойынша бағыт-бағдар берді.
Емтихан жоғары деңгейде ұйымдастырылып, шәкірттер үшін маңызды тәжірибе алаңы болды. Тестілеу нәтижесінде қатысушылар өз білім деңгейін бағалап, қателіктерін түзетуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар ұстаздар тарапынан әрбір шәкіртке жеке нұсқаулықтар мен ұсыныстар берілді.
«Бақытжан» мешіті алдағы уақытта да шәкірттердің рухани және діни тұрғыдан дамуына бағытталған осындай білім беру іс-шараларын жүйелі түрде жалғастырады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі











































