Имамдар «Дархан дала» жобасын насихаттады 3696

Имамдар «Дархан дала» жобасын насихаттады

19 қыркүйек 2024 283 Оқу 1 минут

«Ислам және дәстүр құндылығы» жыл аясында «Дархан дала» жобасы барысында Досжан Хазірет және Есет батыр Көкұлы кесенелеріне зиярат жасалды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дархан дала» отандық туризмді дамыту жобасы негізінде имамдар тарихи маңызы бар, киелі орындағы этнографиялық жәдігерлерді көрді.

Есет Көкіұлы кесенесі – Ақтөбе қаласынан 35 км оңтүстік-шығыс Бестамақ жанында биік төбенің ұшар басында. Есет тамы 1750 жылы салынған, уақыт озғасын жер болып кеткен. Екінші рет 1979 ж. жергілікті тұрғындар батырдың әруағын сыйлап, биіктігі 1,7 м, ені 3 м, ұзындығы 5 м етіп ақ кірпіштен салған. Алайда, сол кездегі әміршіл-билеп төстеу жүйесі бұны діни нанымға табынушылық, қоғамға жат құбылыс деп жаңа салынған ескерткішті құлаттырады. Үшінші рет 1992 жылы халық қаражатына Маңғыстау ұлутасы мен мәрмәр пайдаланылып, қазақтың киіз үйі бейнесіндей көрнекті зәулім кесене орнатылды. Мазардың авторы сәулетші Т.Жонысбеков, оны салған «Зерде» шағын кәсіпорны. Биіктігі 11 м құбыла бетке шығарылған есіктің жоғарғы жағында найза ұстаған Есет батырдың (биіктігі 3 м) бейнемүсіні салынған. Кесене тарихи ескерткіш ретінде тіркеліп, туристік бағытқа енді, мемлекеттік бақылауға алынды. Оған дейін көтерме жол салынып, асфальтталған. Елек өзеніне көпір салынған.

Ақтөбе облысы Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кентінде Досжан хазірет Қашақұлының мемориалды кешені 2023 жылы ашылды. 

Ишан – кім-көрінге берілетін атау емес. Ишан болу үшін арнайы діни мектепте оқып, теориялық білім алып, оны тәжірибесімен сабақтастырып, дамып-өсіп отыру шарт. Кемел адам ғана ұстазынан қағаз алып, ишан атанады. Бұл атақ тек ғұламаларға беріледі.

Қоғамдық және елдік мүдделерге етене араласқан қайраткер, ағартушылық ісімен де ел есінде қалған тұлғаның өмір жолы мен еңбегі өңірде соңғы жылдары терең зерделеніп жатыр. Шұбарқұдық кенті маңындағы Шилі аталатын бұл орында аттай бір ғасыр бұрын өмір қайнап тұрған-ды. Заманының озық білім ордасы – медресе, балалар мен ұстаздарға арналған жатақхана, қосалқы шаруашылық үйлері, бау-бақша мен алты күмбезді мешіт болған. Кейін кеңес үкіметінің солақай саясаты салдарынан күйреген кешен соңы жылдары ғана қайта зерттелді. Археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, бүгінге дейін сақталған бөлігі ерекше қорғауға алынды.

Толықтай жаңарған кешен аумағында қонақ қабылдайтын орын мен музей үйі салынған. Айналасы толықтай ааттандырылды. Қазіргі таңда өңірдегі тағы бір тарихи-туристік орталыққа айналып отыр.

Досжан ишан 17 жасында Меккеде болып, жас хазірет деген атпен оралады. Кейін Хиуа, Үргеніш пен Бұқара қалаларында білімін жетілдіріп, ел төңірегінде бірнеше мешіт-медресе салдырған. 18 жыл бала оқытып, мыңнан астам шәкірт тәрбиелепті. Тарихи тұлғаның өмір жолы туралы тың деректер республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында мәлім болды.


Досжан ишан мешіті

Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық ауылынаң оңтүстік-шығыс шетінен оңтүстік-батысқа қарай 2 шақырым 700 метр, Шиелі өзені өтетін темір жол қөпірінен оңтүстік-батысқа қарай 1 шақырым.

Зерттелуі: 1815-1896 жылдары өмір сүрген Кіші жүз пірі, мешіттер салып бала оқытқан, халықты имандылыққа уағыздаған, отырықшылыққа үйреткен Досжан хазірет туралы Әбубәкір Кердерінің «Қазағым» деген жинағындағы өлең жолдарынан, Сәбит Салқынұлының «Досжан хазірет» кітабында Досжан шариғат жолынан мүдіріссіз өтіп, Олдан есімді шайхтың ықыласына ілігіп, шәкірт тәрбиелеуге рұқсат хат «иршад» алған деп жазады.

Қысқаша анықтамасы: Мешіттің ұзындығы шамамен 28 метр, ені 11 метр, биіктігі 5 метр шамасында. Мешіт жанына көшпелі қазақтар қоныстанып, осы жерде алғашқы отырықшы қоныс пайда болған. Мешіттің алты бөлмесі бар, терезелері адам бойынан ұзын. Бөлме ішінде ешқандайда тіреу жоқ. Терезесінде де бірде бір қиық белдік жоқ, күмбез тәріздес етіп жасалған. Күмбез үстінде айшық тұрған, мешіт іші ою-өрнекпен әшекейленген, күмбезден түскен жарық, барлық нақыштарын нұрландырып тұрған. Мешіт ішіндегі аят хадистері қызыл оюмен боялған. Мешіттің алдында кіре беріс үй және азан айтатын мұнарасы болған. Қазіргі таңда бұл мешіттің төбесі құлаған, қабырғалары ғана тұр. Бұл мешітте көптеген мүриттер қызмет етіп, көптеген ишандар, сопылар оқып, білім алып елге қызмет етті. Досжан хазірет өз мешітінің күншығыс бетінде жерленген. Басында құлпытасы сақталған. 2015 жылы Ақтөбе облысында туғанына 200 жыл толуы кең көлемде аталып өтті. Қазір Ақтөбе қаласында Досжан хазірет атында көше бар.

Аңыз әңгіме: Досжан Қашақұлы хазірет — белгілі діни қайраткер. Кіші жүз Табын руының Қоңыр тармағынан. Ел аузындағы әңгімелерде «Досеке хазірет» деп құрметпен айтылады. Өзінің діндарлығымен, ағартушылығымен, дінге негіздеп халықтың басын бір орталыққа біріктіруімен, далалық сәулет өнерін дамытумен және қазақ шежіресінің негізін жинақтаумен қазақ тарихында із қалдырды. Атақ даңқы алты алашқа,тіпті ақ патшаның өзіне дейін жеткен адам.

Ол көптеген мешіттердің бой түзеуіне мұрындық болды, оның тікелей басшылығымен салынған Доңызтаулық Қарашыңдағы Қайнар мешітінің, Ойыл аңғарындағы Ишан ата мешіттерінің маңызы зор. Досжан ишан Меккеге Нұрфайыс ишан және Жұмағали ишанмен (кей дерек бойынша 1874 жылы Құнанбай тобымен) бірге қажылық сапарға барған. Досжан Құран Кәрімді, Мұқтасарды жатқа оқып, Меккеден 17 жасында жас хазірет деген атпен елге оралады. Досжан ишан Меккеге үш рет барып, Абайдың әкесі Құнанбаймен танысып, екеуі бірлесіп Тақия қонақ үй салдырған. Аталған қонақ үй Досжан ишан атына жазылады.

Айта кетсек, аталған шараға 10 адам қатысты.

 Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі