Ақтөбе: Әз-Наурыз мерекесін атап өтті 1443

Ақтөбе: Әз-Наурыз мерекесін атап өтті

22 наурыз 2022 338 Оқу 1 минут

Бүгін ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен мешіт ауласына киіз үй тігіліп, Әз-Наурыз мерекесі аталып өтті. 

Іс-шара облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті, қалалық орталық мешіті, Шалқар, Хромтау, Мұғалжар, Алға, Мәртөк аудандары мен Ембі қаласындағы мешіттерде де өтіп, қонақтар мен жамағат мереке құрметіне дайындалған дастарханнан дәм татты.

Мерекелік шараны Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы ашып, қалалық орталық мешіттің Бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы мен «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Қайназарұлы, қалалық мәслихатының хатшысы Анар Даржанова мен қалалық мәслихаттың депутаты Алтынай Муханова, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Денсаулық саласының үздігі Шалғынбай Жандосов т.б ізгі тілектерін білдірді.

«Наурыз – қаһарлы қыстан аман шыққан халықтың шүкіршілік мерекесі, ұлысты жаңа жылға, жаңа көктемге, жаңа үмітке жетелеп рухани жаңғыратын, көңілдерге қуаныш сыйлап, шаттыққа бөлейтін сонау ерте заманнан келе жатқан ізгі дәстүрлі мейрам. Күллі түркі жұртының төл тойы – әз Наурыз еліміздегі түрлі ұлтты ұйымшылдыққа ұйыстырып, кешірім мен мейірімнің мерекесіне айналып келеді. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, адам мен табиғат арасындағы үндестіктің, келісім мен татулықтың алтын арқауы. Халқымыз қашанда жыл басын ізгі ниетпен, үкілі үмітпен, ақ жарма тілекпен қарсы алады.

Алла Тағала халқымыздың әр күнін қуаныш-шаттыққа бөлеп, рухани жаңғырып, ұлттық салт-дәстүрлерімізбен мерекелі ете бергей! Ақ мол болсын, өрісіміз төрт түлікке толып, құт қонған сайын даламызда егін жайқалып, ырысымыз бен берекеміз арта берсін! Ізгі амалдарымыз көбейіп, екі дүниеде де бақытқа кенелгендердің қатарынан болуымызды нәсіп еткей! Әмин!»,- деп облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы бүгінгі мерекемен
ақтөбелік ағайынды құттықтады.

Күн мен түннің теңескен, ежелгі заманнан қалыптасқан жылбасы – әз Наурыз мерекесін ҚМДБ-ның Ақтөбе облысындағы барлық мешіттер арнайы бағдарлама бойынша мерекелік шаралар ұйымдастырып қарсы алды.

Думанды кеште мешіт жамағаттары мен шәкірттері арасына гір көтеру, арқан тарту, қол күрестіру, қазақша күрес т.б сайыстары ұйымдастырылып, әйел ұстаздар мен ақ жаулықты әжелер қолөнерден арнайы шеберлік сабақтар өткізіп, ұлттық салт-дәстүріміздің бірі –қазақтың балаға ат қою, нәрестені бесікке салу, тұсаукесер сияқты рәсімдерін көрсете отырып, жастарға байырғы салт-дәстүріміздің бүгінгі өмірмен байланысын түсіндіріп, әдет-ғұрыпты қадірлеуге шақырды.

Пандемия мен карантиндік жағдайларға байланысты екі жылдан кейін жайма шуақ наурызды қарсы алған жамағат  сағынышын білдірді. Жер-ананың төсі бусанып, тіршілікке қайта жан бітетін, айнала табиғат ерекше түрге бөленіп, көк шығып, мал төлдейтін, адамдар өзара көрісіп, аман-саулық сұрасатын, арты ұлан-асыр тойға, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне ұласатын көктем мезгілі, расында Алланың баға жетпес сыйы, ұлы нығметі деуге болады. Сондықтан да халқымыз осы мезгілде ерекше дайындықпен қарсы алатынын тағы бір куәсі болдық. Наурыз мейрамы құтты болсын!

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітігің баспасөз қызметі