ХРОМТАУДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ҚҰРАН ЖАРЫСЫ ӨТТІ
25 қазан – Республика күні қарсаңында Хромтау аудандық «Нұр» мешіті мен «Болашақ жолы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жамағат арасында Құранды жатқа және мәнерлеп оқудан жарыс өтті.
Сайыстың ашылу салтанатында ауданның Бас имамы Марал Иманғали сөз сөйлеп, мұсылман адамның Құранды үйреу мен маңыздылығын атап өтті.
Жарыс ережесіне сәйкес қатысушылар қазылар алқасынан билет алып, ондағы сұрақтарға жауап берді. Сұрақтар Құран аяттарын жатқа оқу, тәжуид қағидаларын білу және мәнерлеп оқу бағыттарын қамтыды.
Әділқазылар қатарында Әзіреті Біләл мешітінің наиб имамы Хабиболла қари Раушан, ауданның Бас имамы Марал Иманғали, «Нұр» мешітінің қариы Дархан Тұрысмаханбет болды.
Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар өз білімдері мен қабілеттерін сынға салды. Қазылар алқасының шешімімен ең жас қатысушы – он жасар Әбдімажит Абдулла үздік атанса, Төреғали Мереке екінші орынды иеленіп, Доскереев Асылбек үшінші орынға лайық деп танылды. Жарыс жеңімпаздары ақшалай сыйлықпен және дипломмен марапатталды.
Айта кету керек, қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылмады. Қатысушылардың ең жасы 10 жасар болса, ең үлкені 54-те.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі






















































