РЕСПУБЛИКА КҮНІМЕН ОБЛЫСТЫҢ БАС ИМАМЫНЫҢ  ҚҰТТЫҚТАУЫ 4959

РЕСПУБЛИКА КҮНІМЕН ОБЛЫСТЫҢ БАС ИМАМЫНЫҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

25 қазан 2025 133 Оқу 1 минут

Баршаңызды бүгінгі егемен еліміздің басты әрі ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! 

Арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған тәуелсіздігіміздің тұғыры әрдайым биік болғай! Әр отбасыға бірлік пен береке, бақыт пен табыс тілеймін!

Республика күні – рухымызды көтеріп, егемен елдің еңсесін тіктейтін сәт. Бұл ретте өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеудің маңызы зор. Өйткені егемендік – ел үшін жанын берген ерлердің ерлігімен келген ұлы күн. Оны бүгінгі ұрпақ ұмытпауға тиіс. Басын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған бабалар рухына тағзым етіп, Құран бағыштау, боздақтарға дұға жасау – мерекенің тәрбиелік мәнін арттыра түсетін сауапты істердің бірі.

Тәуелсіздік – асыл бабаларымыздың сан ғасырғы арман-мұраты. Өткенімізге көз салсақ, сүрлеуі мол соқпақтар мен ой-шұңқыры, қауіп-қатері көп көпірлерден өттік. Азанымыз ақырын, жаназамыз жасырын айтылған кездер де жазылыпты тарих бетінде. Кешегі құбылмалы заман көшінде дін ілімін тарату емес, үйренудің өзі қылмыспен тең болды. Ел тәуелсіздігіне қол жетіп, бостандықтың боз таңы атқан сәтте ана тілімізбен, ата дінімізбен қайта қауышып, салт-дәстүріміз жаңғырды. Аллаға шүкір, қазіргі күні тәуелсіз елде, әр таңымызды амандықпен, ешқандай қауіп-қатерсіз аттырып жатырмыз. Әрбіріміз осы нығметтің қадірін түсініп, шынайы бағалай білуіміз қажет. Асыл дініміз Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғауды міндеттейді. Олар: Отаныңды, дініңді, ар-намысыңды, жаныңды, дүниеңді.

Егемен еліміздің болашағы жарқын, тәуелсіздігіміз баянды болғай. Әмин!

Амантай САДИЕВ

Ақтөбе облысының Бас имамы