«Исламдағы жастардың орны» атты жастар кездесуі өтті 4147

«Исламдағы жастардың орны» атты жастар кездесуі өтті

10 ақпан 2025 335 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиевтің бастамасымен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Исламдағы жастардың орны» атты облыстық жастар кездесуі өтіп, оған 500-ге жуық адам қатысты. 

Шара облыстың бас қариы, облыстық мешіттің наиб имамы Бекжан Әлденовтың Құран оқуымен басталды.

Ізгілікке жол бастар жастар басқосуында облыстың Бас имамы шараның маңыздылығына тоқталып, бойда күш-қайрат пен ықылас толы кезең – жастық шақтың қадірін біліп, әрқашан да сауапты істерде алдыңғы қатардан табылуға үндеді. Асыл дініміз Исламды насихаттау жолында жастардың орны ерекше екендігін атап, Раббымыздың жолында ниет пен ықыласты қолбасшы қылып алуға бағыттады.

Облыс жастарын әрдайым бірлік пен ыңтымақта болып жақсылықта жарысуға шақырды. Сонымен қатар ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде Жастар ісі секторының жауапты өкілі ретінде тағайындалған Аслан Қорғанды таныстырып, жаңа қызметіне сәтілік тіледі.

Аталған игі шараға қатысушылар Ақтөбе қаласы мен шалғай аудандардан арнайы келді.

Жастар жұмылған жиынды облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов жүргізіп, Ақтөбе облыстық маслихат депутаты, «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Қойлыбаев, ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшесі, С.Бәйішев университетінің аға оқытушысы Шалғынбай Жандосов, Шымкенттен келген қонақ, жастар еріктісі, Грек-рим күресінен чемпион Ернұр Ғайниұлы, блогер, жастар белсендісі Азамат Жадырасынов сөз сөйлеп, ақ тілегін білдірді.

Жастар ісі секторының жауапты өкілі, «Досжан Хазірет» мешітінің ұстазы Аслан Дәуірханұлы бүгінгі кездесу облыстық жастар ортасын қалыптастыру екендігін айтып, алдағы уақытта сектордың атқаратын жоспарларын таныстырды.


Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі