Хромтау: Аудандық мешітте Құрбан айт намазы оқылып, мерекелік шаралар өтті 3424

Хромтау: Аудандық мешітте Құрбан айт намазы оқылып, мерекелік шаралар өтті

16 маусым 2024 536 Оқу 1 минут

Әлем мұсылмандары 16.06.2024. Құрбан айт мейрамының алғашқы күнін тойлап жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде бүгін Құрбан айт намазы оқылып, исі мұсылман қауымы ұлық мерекені бастап та кетті. Хромтау аудандық  жамағаты да айттың алғашқы күні  «Нұр» мешітіне жиналып, айт намазына қатысты.

Таң намазынан айт намазына дейін мешітте Құран оқылып, “Нұр” мешітінің бас  имамы Ерік Қонақбайұлы Құрбан айт мейрамы жайында уағыз айтып, барша жамағатты қасиетті мерекемен құттықтады.  

Таңғы сағат 06:30 жамағат бас имамға ұйып, қасиетті Құрбан айт намазын оқыды. Құлшылық етуге келген халықтың көптігі соншалық, қаладағы ең үлкен мешіт лық толды. Айт намазында жамағат тәкбір ташриқ айтып, Алланы ұлықтаған дауыстар құлшылық ордасын жаңғыртты. Намаздан соң бас имам Ерік Қонақбайұлы жамағатпен бірге еліміздің тыныштығы мен берекесін тілеп дұға жасады.

Айт намазы оқылып болған соң, ниет білдірген қауым малбазарға барып мал соятын арнайы орында құрбандық шалды.

Жиналған жұртшылық мешіт ауласында жайылған айттық дастарханнан дәм татып, бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін жеткізіп жатты.

Айтулы мерекеге орай мешіт алдында ұлттық ойындар ойнатылды. Жігіттер арқан тартысып, қол күресінен сынға түсті, асық ойнап, қошқар көтеру жарысты. Білектілер гір тасын көтерді. Көптің арасынан  суырылып шыққан жеңімпаздарға арқан тарту ойыны бойынша бірінші орынға 10 000 теңге, гір тасын көтеру, қол күресі,   ақшалай жүлделер табыс етілді.