«Бауыр» фильмі арқылы ұлттық және отбасылық құндылықтар дәріптелді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дін мен дәстүр» бағыты аясында Ақтөбе қалалық «Бақытжан» мешітінің ұстазы Жұлдыз Алдабергеннің ұйымдастыруымен әйел жамағатына арналған рухани-танымдық киноталқылау өтті. Ақтөбе қаласындағы «Kinopark» кинотеатрында ұйымдастырылған іс-шара барысында қатысушылар «Бауыр» көркем фильмін көрді.
Кездесудің негізгі мақсаты – отандық көркем туынды арқылы отбасылық құндылықтарды дәріптеу, бауырмалдық пен туыстық байланыстың маңызын ұғындыру және халқымыздың дәстүрлі тәрбиесіндегі ағайын арасындағы сыйластық пен жанашырлықты кеңінен насихаттау.
Фильм көрсетілімінен кейін арнайы талқылау өтіп, қатысушылар туындының негізгі идеясы мен тәрбиелік мәні төңірегінде өзара пікір алмасты. Жиында бауырлар арасындағы өзара құрмет, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген қамқорлығы, туыстық қарым-қатынасты үзбеу және жақын жандардың қадірін дер кезінде білу мәселелері кеңінен сөз болды.
Талқылау барысында әйел жамағаты фильмнен алған әсерлерімен бөлісіп, өмірлік тағылымдарын ортаға салды. Көркем туынды арқылы халқымыздың «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деген өнегелі нақылының терең мәні ашылды. Бұл іс-шара ислам дініндегі туыстық байланысты сақтау мен бауырмалдық таныту секілді ізгі құндылықтарды ұлттық дәстүрімізбен сабақтастыра насихаттауға бағытталды.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі






































