Хромтауда мәйітті жуындыру және кебіндеу рәсімдері түсіндірілді 6806

Хромтауда мәйітті жуындыру және кебіндеу рәсімдері түсіндірілді

18 қараша 2026 21 Оқу 1 минут

Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде әйел жамағатына арналған мәйітті жуындыру және кебіндеу рәсімдері бойынша тәжірибелік семинар өтті. Тағылымды іс-шараның негізгі мақсаты – мұсылмандық жерлеу рәсімдерінің шариғатқа сай орындалу тәртібін түсіндіріп, мәйітті арулау мен кебіндеу жолдарын үйрету және жамағаттың діни сауатын арттыру.

Семинар барысында мешіт ұстаздары мәйітті жуындырудың реттілігі мен оның әр кезеңінде сақталуы тиіс әдептерді жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар кебіндеу рәсімін тәжірибе жүзінде көрсетіп, қатысушыларға қажетті әдістемелік мағлұматтар берді. Жиын соңында әйел жамағаты өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Дәріс барысында марқұмға құрмет көрсету, ақтық сапарға шығарып салу кезінде аса жауапкершілік таныту және барлық рәсімдерді шариғат талаптарына сәйкес орындау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мәйітті арулау мен жерлеу тәртібін білу – мұсылман қауымы үшін маңызды парыз-кифая амалдардың бірі болғандықтан, семинар қатысушылары алған білімдерін тәжірибемен ұштастырып, өз дағдыларын жетілдірді.

ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі