Ауданның бас имамы кеншілер мен өндіріс қызметкерлерін Құрбан айт мерекесімен құттықтады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Хромтау ауданының бас имамы Марал Иманғали өндіріс орындарында Құрбан айт қарсаңында ұйымдастырылған мерекелік шараларға қатысты.
Хромтау қаласының маңында орналасқан Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл» шахтасы, «Молодёжная» шахтасы және №1 ұсату-байыту фабрикасының басшылығы қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай құрбандық шалып, еңбек ұжымына арнап мерекелік дастарқан жайды.
Шара барысында ауданның бас имамы Марал Иманғали жиналған кеншілер мен өндіріс қызметкерлерін Құрбан айт мерекесімен құттықтап, бұл күннің мұсылман қауымы үшін маңызы ерекше екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ бас имам «Ислам және адал қоғам» жылының мақсатына тоқталып, адал еңбек ету, жауапкершілік пен тәртіпті сақтау, қоғам игілігі жолында қызмет ету ислам дінінің негізгі құндылықтарының бірі екенін айтты. Кен өндіру саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың ел экономикасының дамуына қосып отырған үлесі зор екенін ерекше атап өтті.
Шара соңында Марал Иманғали өндіріс орындарындағы еңбек аса жоғары жауапкершілік пен сақтықты талап ететінін айтып, жер қойнауында еңбек етіп жүрген кеншілердің амандығы мен отбастарының берекесі үшін дұға жасады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі










































