Құрбан айттағы 150 баланың қуанышы
Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде балаларға арналған мерекелік шара ұйымдастырылып, оған 150-ге жуық бүлдіршін қатысты.
Балалардың бойына рухани құндылықтарды сіңіріп, Құрбан айттың мәні мен маңызын ұғындыру мақсатында өткен шара ерекше көңіл-күй сыйлады. Мерекелік жиында балалар ертегі кейіпкерлерімен бірге көңіл көтеріп, қызықты ойындарға қатысып, өздерінің ептілігі мен білімдерін сынады.
Шараның ашылу салтанатында Хромтау ауданының бас имамы Марал Иманғали бүлдіршіндерді қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап, бұл күннің ізгілік, мейірімділік пен бауырмалдықтың мерекесі екенін атап өтті. Сондай-ақ жас ұрпаққа жақсы тәрбие берудің, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.
Мерекелік бағдарлама аясында «Өлеңді бірге толықтыру», «Шашылған әріптерден сөз құрау», «Қима», «Әріптермен сұраққа жауап беру», «Жануарға сәбіз бер» сынды танымдық әрі қызықты ойындар ұйымдастырылды. Сонымен қатар балалар арасында ерекше қызығушылық тудырған сайыстардың бірі – гір көтерудің орнына 2 және 5 литрлік шырын құтыларын көтеру жарысы болды. Бүлдіршіндер ойындарға белсенді қатысып, өзара достық пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.
Шара соңында балаларға тәттілер мен сыйлықтар таратылып, мерекелік көңіл-күй сыйланды. Қатысушылар мен ата-аналар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай тәрбиелік мәні зор шаралардың жас ұрпақ үшін аса қажет екенін атап өтті.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі






































