«Қасиетті сапар: Миғраж сырлары» атты рухани кеш өтті 5855

«Қасиетті сапар: Миғраж сырлары» атты рухани кеш өтті

26 қаңтар 2026 33 Оқу 1 минут

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Кенжегүл Кушкарова «Қасиетті сапар: Миғраж сырлары» тақырыбында тағылымы терең рухани ашық сабақ өткізді.

Ашық сабақ барысында Исра сапары мен Миғраж түнінің әрбір кезеңі кеңінен әрі жүйелі түрде түсіндірілді. Шәкірттер Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәсжидул-Харамнан Мәсжидул-Ақсаға жасаған Исра сапары, сондай-ақ Миғраж түнінде көк қабаттарынан өту барысындағы оқиғаларды жеке-жеке ашып айтты. Әрбір қабатта кездескен пайғамбарлар, олардың үмметке берер өнегесі мен мағыналы ғибраттары ерекше тоқталумен баяндалды.

Сабақ барысында айтылған мәліметтер тек тарихи дерек ретінде ғана емес, қазіргі заман мұсылманына берер тағылымы тұрғысынан да жан-жақты түсіндірілді.

«Бақытжан» мешітінің ұстазы Анар Қойшығұлова ашық сабаққа оң бағасын беріп, сабыр, шүкір, намазға беріктік, уақыттың қадірі және жүрек тазалығы секілді маңызды мәселелерге ерекше мән берілгенін, атап өтті.

Сабақты түйіндеу мақсатында қатысушыларға викториналық сұрақтар қойылып, белсенділерге сый-сыяпат таратылды.

Сабақ соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі тұшымды жауаптар беріліп

Рухани мазмұнға толы бұл ашық сабақ жиналған жамағатқа үлкен әсер сыйлап, имандылықты нығайтуға себеп болды. Ашық сабақтан түйер негізгі тағылымдар тыңдаушылардың өмірлік ұстанымына айналатындай әсер қалдырды

Шара соңында ауызашар дастарханы ұйымдастырылды.