«Қурайлы» мешіті: Жамағатқа Умраға жолдама табыстады
Қасиетті жұма күні Ақтөбе қаласындағы Қурайлы елдімекенінде орналасқан «Қурайлы» мешітінде бас имам Руслан Елемесов жамағат атынан Мақсат Қуатбаевқа Умраға жолдама табыстады.
"Ислам және отбасы құндылығы" жылы аясында аталған игі бастама – жамағатты тұрақты құлшылыққа ынталандыру, мешітпен байланысын нығайту және дінге деген ықыласты арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Мешіт имамы жамағатты бірлікке, тұрақтылыққа және құлшылықтағы беріктікке үндеп, Мақсат Қуатбаевтың мешітің тұрақты жамағаты екенін атап, мешіт ашылған күннен бастап үздіксіз таң және құптан намаздарына қатысатынын өнеге ретінде айтты.
Аталған мешітті 2025 жылдың 23-ші наурыз күні Рамазан айында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ашты.
Сертификат иесі қасиетті сапарға Рамазан айының алғашқы он күнінде барады.
Жамағат атынан берілген бұл сый – мешіт өміріне белсенді атсалысып, намазға тұрақтылық танытқан жандарға көрсетілген құрметтің белгісі. Осындай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деп жоспарланғанын имам мәлімдеді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі









































