Ақтөбе: «Әйел-қыздар» секторы рухани, тәрбиелік бағытта бірнеше шаралар өткізді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясындағы жылдық жоспарды іске асыру мақсатында Ақтөбе облысына екі күндік жұмыс сапарымен барып, бірқатар рухани, тәрбиелік және насихаттық іс-шараларға қатысты.
Сапар барысында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде ҚМДБ-ның 35 жылдығына орай «Салт-дәстүр» орталығы мен «Шырайлым» қыз-келіншектер клубының ашылу рәсіміне қатысты. Ашылу барысында бесікке салу, тұсаукесер сынды ұлттық дәстүрлер таныстырылып, әжелер батасы берілді. Динара Құтқожақызы қыз-келіншектерге әйелдің қоғам мен отбасындағы орны, имандылық пен салт-дәстүр сабақтастығы жөнінде насихат айтты.
Сондай-ақ ол «Ақтөбе» медресе-колледжінің шәкірттерімен кездесіп, білім мен рухани тәрбие мәселелеріне тоқталды. Сапардың келесі күнінде өңір ұстаздары ұйымдастырған Сабан той мерекесіне қатысып, жамағатқа ізгі лебізін жеткізді. Шара аясында ұлттық ойындар, көрмелер ұйымдастырылып, белсенді қатысушылар марапатталды.
Ақтөбе қалалық орталық мешітінде өткен «Рухани құндылықтар – берекелі отбасының негізі» атты танымдық семинарда сектор меңгерушісі иманды отбасы құру, рухани тәрбие және әйел-ананың жауапкершілігі туралы баяндама жасады. Семинарға қала және аудандық мешіттердің әйел жамағатынан 200-ге жуық адам қатысты.





































