Қарттарға құрмет – ұрпаққа өнеге
Ақтөбе облысы "әйел-қыздар" секторының бастауымен "Шырайлым" қыз-келіншектер клубының мүшелері Қарттар күніне орай ерекше мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Қазақ халқы қашанда үлкенді сыйлап, қарияны құрметтеуді ізгі дәстүрдің бірі санаған. Осы орайда Қарттар мерекесі қарсаңында клуб мүшелері Ақтөбе қаласындағы "Тахауи Ахтанов" атындағы облыстық драма театрындағы қойылымға 20 әжеге билет сыйлады.
Мәдени шараның басты мақсаты – үлкенге құрмет көрсетіп, олардың қоғамдағы орны мен өнегесін дәріптеу, сондай-ақ аға буын өкілдеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлап, рухани әрі мәдени демалыс ұйымдастыру.
Театр сахнасындағы әсерлі қойылым әжелерге ерекше әсер қалдырып, көрермендерге жақсы көңіл күй сыйлады. Шара соңында әжелер ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, осындай игі бастамалардың жалғасын табуына тілектестіктерін білдіріп батасын берді.






































