«Қарты бар үйдің — қазынасы бар» атты рухани-танымдық шара ұйымдастырылды
Ақтөбе қаласындағы «Бақытжан» мешітінде ұстаз Жұлдыз Бауыржанқызының ұйымдастыруымен Қарттар күніне орай «Қарты бар үйдің — қазынасы бар» атты рухани-танымдық шара өтті.
Мешіттің наиб имамы Абылай Аманқосов ақ жаулықты әжелерді мерекесімен құттықтады.
Шараның негізгі мақсаты — қарт адамдарға құрмет көрсету, олардың қоғамдағы әлеуметтік және рухани маңызын, өмірлік тәжірибесі мен өнегесін жас ұрпаққа насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Игі шараға Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар секторының жетекшісі Кенжегүл Кушқарова, РАТТ мүшесі, діни сарапшы, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Ақтолқын Орысбайқызы, РАТТ мүшесі, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұстазы Анар Қойшығұлова, «Махаббат Нұрланұлы» мешітінің ұстазы Шолпан Қайыр, Қобда аудандық «Шәріп молда» мешітінің ұстазы Баян Мұстахап қатысты. Шараны Арай Ғалымбекқызы жүргізді.
Іс-шара барысында қатысушылардың назарына тәрбиелік мәні зор көрініс қойылып, терме орындалды. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүр мен тұрмыстық мәдениетті дәріптеу мақсатында ұршық иіру, самаурынға шай қайнату және ағаш есепшотпен есеп жүргізу тақырыптарында шеберлік сабақтары өтті. Аталған шеберлік сабақтары арқылы жас ұрпаққа халқымыздың дәстүрлі қолөнері мен тұрмыс-тіршілігі таныстырылды.
Сонымен қатар жамағатқа тағылымды уағыз-насихат айтып, үлкенді сыйлау, ата-әжені құрметтеу, отбасылық тәрбие мен ұлттық салт-дәстүрдің маңызы жөнінде кеңінен айтылды. Одан өзге отбасыдағы өзара сыйластық пен мейірімділікті қалыптастыру, жастарды ізгілікке тәрбиелеу және аға буынның өнегесін кейінгі ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
Шара соңында ақ жаулықты әжелерден бата беріп, Қарттар күніне орай қарияларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі














































