Қала бас имамы мешіттердің қысқы дайындығын тексерді 6706

Қала бас имамы мешіттердің қысқы дайындығын тексерді

07 қазан 2026 64 Оқу 1 минут

Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әли қала мешіттерінің қысқы маусымға дайындығын тексеру жұмыстарын жүргізді. Бақылау барысында мешіттердің жылу жүйесі, тазалық жағдайы, құжаттарының реттелуі және шаруашылық жұмыстары назарға алынды.

Алғашқы болып «Әл-Латиф» мешітіне арнайы барып, мешіттің қысқы маусымға дайындығымен танысты. Тексеру барысында жылу жүйесінің қалыпты жұмыс істеп тұрғаны және мешітке бейнебақылау камералары орнатылғаны анықталды. Мешіттің ішкі тазалығына және аула тазалығына тиісті деңгейде мән беру, мешіт құжаттарын, оның ішінде антитеррорлық қауіпсіздікке қатысты құжаттарды ретке келтіру, сондай-ақ дәретхананы жөндеу жөнінде тапсырмалар берілді. Сонымен қатар мешіт аумағындағы асхана іргетасының қаланғаны назарға алынып, келесі жылы осы асхана жұмысын қарқынды қолға алыну қажеттігі айтылды. Аталған тапсырмаларды мешіттің бас имамы Рүстембек Аманқосовқа ұйымдастырып, бақылауға алу тапсырылды.

Келесі кезекте «Әс-Сәлам» мешітінің қысқы маусымға дайындығы тексерілді. Мешіттің жылу жүйесі мен аула тазалығының жағдайы қалыпты екені анықталды. Мешіттің бас имамы Нұрсұлтан Серікұлына мешіттің ішкі тазалығын қамтамасыз ету, қызметкерлердің жұмысқа келуі мен кетуін жүйелі түрде қадағалау және мешіт құжаттарын ретке келтіру жөнінде тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ «Хазіреті Біләл» мешітінің жағдайы тексерілді. Мешіттің ішкі және сыртқы тазалығын қадағалау, мерзімі созылып кеткен мешіт асханасының жұмыстарын аяқтау, төбеден су ағатын жерлерді жөндеу, бейнебақылау камераларын ретке келтіру және мешіт құжаттарын жүйелеу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Аталған жұмыстарды мешіттің бас имамы Нұрлыбек Такиевке ұйымдастырып, бақылауға алу тапсырылды.

Қала бас имамы Алмат Әли мешіттердегі аталған жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуы маңызды екенін атап өтті. Мешіттердің қысқы маусымға дайындығын тексеру жұмыстары қаладағы өзге де мешіттерде кезең-кезеңімен жалғасады.