Ақтөбе: Жамағат мешіт тазалықшысына 1 миллион теңге көлемінде сүйінші жасады
Ақтөбе: Жамағат мешіт тазалықшысына 1 миллион теңге көлемінде сүйінші жасады
ҚМДБ төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2026 жылғы діни қызметкерлердің жылдық жоспары мен тапсырмаларды бекіту барысында биылғы жылды «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялаған болатын. Сонымен қатар қоғамдағы еңбегі ауыр, жауапкершілігі мол қызметкерлердің адал қызметін бағалап, оларға көңіл бөлу туралы тапсырмалар берді.
Осыған орай кешегі өткен қасиетті жұма күні Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде игі әрі өнегелі шара жалғасын тапты. Бұған дейін мешіт тазалықшысы Алмагүл Есмурзинаға облыс бас имамының мұрындық болуымен Умра қажылығына жолдама сертификаты табысталған болатын. Осы қуанышты жаңалықтан кейін жұма намазына жиналған жамағат тазалықшы апайға деген құрмет пен ықыласын білдіріп, өз еріктерімен ақшалай қаражат пен түрлі көмектер жинады. Нәтижесінде жамағаттың бірлігінің арқасында 1 миллион теңге көлемінде сүйінші жиналып, Умра сапарына дайындық ретінде қолдау көрсетілді.
Жиналған қаражат пен демеушілік көмекті облыстың Бас имамы Амантай Садиев мешіт жамағатының атынан Алмагүл Есмурзинаға салтанатты түрде табыстады. Бас имам өз сөзінде мешіт тазалығы – құлшылықтың бір бөлігі екенін атап өтіп, адал еңбек иелеріне көрсетілген мұндай құрметтің қоғам үшін үлкен тәрбие екенін жеткізді.
Сондай-ақ, жамағаттың ауызбіршілігі мен қайырымдылығына алғыс айтып, барша демеуші болған азаматтарға Алланың разылығын тіледі. Жамағат тарапынан жасалған бұл игі іс көпшілікке үлгі болып, мешіт мәдениеті мен мұсылмандық бауырмалдықтың айқын көрінісіне айналды.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі






































